Менің мектебім

Мен, Жеңісқызы Арай биыл 11-сыныпты бітірдім, яғни 2015 жылғы жас түлек болдым! Әлі есімде анам мен әкемнің мені жетектеп мектепке апарған сәттері. Таныс емес достар, түсініксіз тақта, парта, бор, сол кездегі бұл заттар тылсым дүние тәрізді көрінетін өзіме! Ол не? Мынау не? деген сұрақтар таусылмайтын. Ендігі қызық тұсы – қатал «Саламатсыздар ма!» – деп кіріп келген ұстазда болып тұр! Кейде мен сол кісі күле ме екен? Тамақ іше ме екен? Тіпті ұйқтайтыны да қызық болатын. Апай сені мақтаған күні, ой үйде кішігірім той болатын! Ал, 1-сыныпты 5 пен бітірген кезде, көрімдік яғни ол кезде әкем, анам екеумізді көрімдікке жіберетін сәт! Балалық десеңізші?!… Қашан өсеміз?-деп жүріп балалықтан да алыс қалып барамыз. Таңнан кешке дейін топырақтан үй жасап, мама-папа болып ойнайтын кездер-ай! Бір досқа бөлісе алмай, жерге жылап жата қалатын сәттер, есейген сайын, осы бір естеліктер тәп-тәтті түс сияқты болып көрінеді. Уақыт зымырап өтуде, кеше ғана қаталдығынан қорқып “Саламатсыз ба!” деп  кірген мектебімізбен қоштасып соңғы қоңырауды қимастықпен естіп кеттік! Қашан осы күндер өтеді екен деп жүріп, міне, сол күндер бұлыңғыр елес болып қала берді…

Таң сәріден үйге досым Бақыт келетін, екеуміз таусылып бітпейтін барахолка базарымен жүретінбіз, азанмен ашқан дүкендер, қайнап жатқан сауда, арба сүйреген ағалар, күлімдеп шай сататын сүйкімді тәтелер, мұрныңды жаратын самсаның исі!Айййй-осындай бір ғажайып әлем, еріксіз өмірге құштар ететіні даусыз. Жолда әдемі «тақылдақ» аяқ киімге көз салатынбыз! Қашан біз осындай аяқ киім киеміз… – деп армандап қоятын едік! Сатушылар: «сабақтарыңа кешігесіңдер!» – деп қуатын еді! Еңдігі қызық, сабақта отырған сәтте көрші партадан хат келетін, нақтырақ айтқанда ғашықтық хаты, маған хат жазды деп жылап апайға айтатынбыз! Сыныпта жақсы оқитын Ұланбек деген бала болатын, қыздардың барлығы соған іштей ғашық едік. Сумкасына хат салып, кімді жақсы көресің?-деп сұрақтар қоятынбыз. Міне, осылай жауапсыз махаббаттың құрбаны болатынбыз! Қазір ойласақ еріксіз жымиямыз, сондай бір таза мөлдір балалық шынымен де әр адамға сағыныш екен.

Мен 8-сыныпта басқа мектепке ауыстым. Ол мектеп бұрын Совет кезінде малшы балалары оқитын интернат, кейін дарынды балалар оқитын мектеп болып өзгіріпті. Ата-анам жақсы білім алу үшін мені осы бір интернатқа берген еді.

Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Бір ортадан, екінші ортаға сіңісу ауырлау екен. Алғаш ата-анам апарғаңда көңіліме жақпаған болатын.Себебі:оның іші аса қатты ұнап кетпеген еді. Сол кезде қандай ақымақпын, оның сыртына қарап, ішіне үңілмеппін-ау?! Шынымды айтсам бұл – нағыз болашақ өміріме адал достар тапқан, менің сүйікті Интернатым еді. Интернат дегенге шошып кетпеңіз, бұл тек тереңдетіп оқытатын жүйе, осыңда бір апта оқып, сенбі-жексенбіде демалысқа үйге жібереді. Кейбір адамдар интернат десе(жетімдер үйі)-деп ойлап жатады.Сөздің шыны керек, мен интернатым жайлы тіпті жазудан қорқам, себебі дұрыс суреттей аламын ба?Оның жақсылығын,тәлім тәрбиесін,оқып отырған адамға жеткізе білемін бе?!- деген қауіп басымырақ.Не де болса жүрегімдегі мектепке деген махаббаты жеткізуге тырысайын.

Сырты сары, 3 қабатты,терезелері стадионға қарап тұрады. Мектеп, жатақхана бәрі ішінде далаға шығудың қажеті жоқ. Тек оқу қажет! Мұндағы балалар тым өзгеше, құдды сана сезімі ерте дамып кеткен сияқты. Бұлай айтқан себебім, мұнда түсінбейтін бала жоқ, бәрі түсінеді. Бұл Шырын апайдың сөзі, түсінбейтін бала жоқ! Басыңда күнде жылау, ата-анамызды сағыну процессі жүретін. Кейін осы Интернатты қимайтынымды білмеген шығармын! 47-інші бөлме, біздер үшін заманауи жабдықталған бөлмелер! Мұнда жаңадан келген 4 қыз тұрамыз. Таңғы сағат 5-тен тұрып Жанель деген құрбым фонарикпен сабақ қарайтын. Сағат 6-да тұру заңдылық деп ойлайтынбыз. Таңертең «Подьем!» 47-бөлме есікті аш! Гүлнәз, Арай, Жанель, Анель тұрыңдар!-деген айқайдан оянатын едік. Осы дауыс сол кезде ең ащы дауыс еді!

Уақыт зымырап өтті… Таңғы сағат 5-тен тұрып фонарикпен сабақ қарайтын Жанель де жоқ. Қазір, таңғы сағат 6-да тұру бұлай тұрсын, тамаққа кірмейтін дәрежеге жеттік! Уақыт өткен сайын таныс достарымыз біздің ең жанашыр адамдарымыз бола бастады. Айтпақшы, біз де бір салт бар, ол дегеніміз – «базарлық», үйден келген дәмді тамақтарды ортаға қойып, ұлдардан тығып, есікті кілттеп, қыздар боп әдемі шаймен бір әңгімелесетін едік! Қарнымыз ашқан күндері буфеттегі Әселден қарызға тамақ алуға барып жалынатынбыз. Ол кердеңдеп ананы істетіп, мынаны істетіп әрең беретін. Тамақ үшін бәрін жасаймыз, амал жоқ…

Біздің мектепте жылына 3-4 адам шетелден ғылыми жоба қорғайды. КВН-нен, волейболдан – мектебімізден жыл сайын оқушылар Қырғызстан,Өзбекстан елдеріне жарысқа жіберіліп отырады.

Бәрімізді осы киелі қара шаңырақ кездестірді. Мейірімсіз жүректі мейірімге бөлендіре білді. Бір нанды бөліп жеген менің асыл жаңдарым! Ұрыссақ та әйтеуір татуласатынымызды білетін едік. Бұл жер біз үшін үлкен өмірге деген үлкен тәрбие мектебі болды. Кіргенде «кетем» деп жылаған біз енді кетуден қорқатын едік. «Кетсек те қайта келеміз, ұмытпаймыз, достығымыз дос» деп уәде беретінбіз Бір күні мен қатты ауырып қалдым. Жаным шыдатпай жылай бастадым, қасымдағы қыздар біреуі дәрі беріп, біреуі дәрігер шақырып жатты. Анель деген құрбым жылап жүр, құдды мені жазылмайтын адам санатына қосып (қатты қорқып кеткен ғой жаным сол). Содан жазылып, мектепке келсем бәрі мені есік алдында күтіп тұр…Ішімнен (құдай-ау қай жақсылығым үшін, Алла сендерді маған жіберген )-деп қоям. Бізге “Қағанат” жақын еді. Сол жерге Анель құрбымыз екеуміз  бір шыны-аяқ сүтпен , самса жеуге баратынбыз. Анель өте ерекше қыз болатын, оның сөйлегеніне, елмен араластығына таң қалатынмын, тіпті сүйсінетінмін. Сонымен шай ішуге жақсы орын тандайтын Анель. Бір орынға жайғасып отырғанда, ол ақырын көрші столдағы жұрттын жемей кеткен тамағын әкеп алатын. Ол ақырын отты жанарымен күлімдей қарап: “Арай тап-таза тамақ жеп алайық, біле білсең,  ең мықты М.Әуезовтің өзі қиындықпен өскен. Болашақта танымал дарабоз адам болу үшін қиындық көріп өсу керек қой” деп,тамақты жеп алатынбыз. Кейін осының бәрі тарих болады деп мәз қылатын… Шыныменде еріксіз қүлкі сыйлап отырған шығар. Менің балалық шағым ,менің мектебім, менің асыл интернатым ол мен үшін ең тәтті, ең қымбат естеліктермен сақтаулы. Нұргүл деген сыныптасым сабаққа көп күн бойы келмеді. Бір күні Жанель сыныпқа жылап кірді. Бәріміз қасына жинала қалдық, ол жасын сүрткен қолымен Нұргүлдің партасын меңзеді.

-Ол енді осы партаға отырмайды, ол енді жоқ деді….

Ең аяулы сыныптасымыздан қарашада қапыда айырылдық. Не бәрі 13 жыл өмір сүрді…Сол кезден бастап біз бір-бірімізді ренжітпеуге тырысатынбыз. Қазір мектепті бітірдік… Бірақ көп кездесіп жүрміз. Мысалы кеше мектепке барып қайттық, одан әрі сыныптасымыздың зиратына барып құран оқыдық. Нұргүлмен айырылысқанымызғада 5 жыл болып қалыпты. Ата-анасы бізді көріп қатты күйзелді. Кетер кезімізде Мариям апай қолындағы қызыл түсті шарфты Анельдің мойнына ілді.

-Шетел асып барасың Анельжан, Нұргүлдің көзіндей көр. Қызым тірі болғанда саған бұдан да қымбат сый жасар ма еді….

Осы сәтте көзден парлап аққан жас шынымен де жүректі қақ жарғандай болды-ау. Амал қанша не десек те бұл- тағдыр емес пе?!

Қоштасу шынымен қиынға түседі екен. Класстастарымызды оқуларына аттандырып, қимастықтан жылап жүрміз.

Интернат – бұл мәңгілік сағыныш! Бірде интернатты бітіріп кеткен ағай: «Қадірлеңдер интернатты, кейін сағынатын боласыңдар, ал мен өз сағынышымды әлі де баса алмай жүрмін, осы бір партаға отыру үшін мен сендерге ұстаз болып келдім» -деп еді. Иә, сағыныш сезімі шынымен де өте қиын екен! Мектебіміздегі әр бір бұрыш, әр бір парта, әр бір адамдар, оқушы дәуірімізді еске түсіреді…

Мектеп ол мәңгі бітпес хикая…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *