Отырар пойызын күтіп алсаңыз…

пойыз

Алматы қаласы, Алматы 2 вокзалы. Сенбі. Cағат 10:30-дар шамасы. Бұл менің қазіргі орналақан жерім. Мұнда тосыннан тап болған жоқпын, келуімнің себебі Отырар пойызынан досымды қарсы алуым керек. Әншейінде кептелісте тұрып алатын автобус құрғыр бүгін тым жүрдек-ақ.

Соның салдарынан межелеген уақыттан 25 минут ерте келіп алыппын. Вокзалдың күту залына кіріп ақпараттық дисплейге қарадым, мен күткен пойыз уақытымен келеді екен, яғни кешігу жоқ. Қазіргі замандағы озық технология ғой шіркін, уақытын дәлме-дәл көрсетеді, тіпті күткен пойызың 5 минутқа кешіксе де ескертеді.

Алайда, осындай соңғы үлгідегі жетістіктерді қазақшаға бейімдей алмай-ақ қойдық. Мына электронды ақпарат тақтасы соның бірі. Негізгі хабарландырулар ресми тілде, өз тіліміз өгейсіреп тұр. Сірә вокзал басшылығының салғырттығы болар.

Вокзалдың тыныс-тіршілігі баршаға белгілі ғой, күткен адамдар. Бірі билет алуға кезекті күтеді,бірі пойыздың жүру уақытын, енді бірі пойыздың келуін. Жасы шамамен 50-ді еңсерген бір апа да билет алмақшы екен, алайда терминалдың тілін түсінбедіме білмедім, анықтама бюросындағы апайдан көмек сұрады.

Вокзал қызметкері тұщымды жауап берудің орнына зекіп тастады. Осындайда мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндердің дөрекілігінен көңілің қалады. Бір жағынан оларды аяйсың да. Өйткені бір күнде қаншама адам осы секілді бұл кісінің міндетіне жатпайтын сұрақтармен мазалайды.

Бастапқыда сыпайылық сақтағанымен соңынан ашушаңдыққа басатыны да содан. Осылай өткен-кеткен адамдарды қызықтап тұрып 20 минут уақытымның өткенін де сезбей қалыппын. Біртіндеп пойыз жолға қарай шықтым.

Пойыз жолының бойындағы дүңгіршектердің бойлай жүріп келемін. Әдетте осы маңайда жиналып отыратын заңсыз көкөніс сатушылары бүгін көрінбейді. Вокзал әкімшілігі қолға алған екен ғой деп түйдім іштей, бәлкім күннің суықтығынан ба екен. Әйтеуір бой көрсетпейді.

Сауда дүңгіршектерінің сатушылары әр жерде 3-4 адамнан жиналып, әңгіме дүкен құрып отыр. Осылай тұрғанда мен күткен пойыз да келді. Досымды қарсы алып қолынан сөмкесін алдым. Сыртқа қарай беттеп барамыз, алдымыздан “Такси-такси” деп айғайлаған такси жүргізушілері шықты.

Дегенмен жүгіміз жеңіл. Таксиге зәрулік сезбедім. Абылай хан даңғылымен жоғары қарай өрлеп барамыз, арттан вокзалдың хабарландыруы әлі естілуде. “Құрметті жолаушылар Алматы-Защита бағытына жүрем деуші жолаушы азаматтар кассаға келіп билет алуларыңызға болады, бос орындар бар”. Бұл дауыс бірте-бірте бәсеңдеп барады.

Пердәлі РАҚЫМ

2-курс студенті

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *