0281

Мен көрген Өлгей (жолсапар очерк)

 

0528 0403

 

 

 

 

 

 
Өткенде сәті түсіп, бір топ журналистер Моңғолияның қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгей аймағына сапар шегіп қайтқан едік. Сапар болғанда да жай сапар емес, ұлы сапар. XVIII-ғасырда жоңғарлармен қиян-кескі шайқастарда аслан батырлығымен, кемеңгер қолбасшылығымен көзге түсіп,  Абылай ханның Ақ Туын ұстап, оң тізесінен орын алған, ердің ері-Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдық мерейтойына арнайы бардық. Халықаралық «Ер Жәнібек» қорының ұйымдастыруымен Алматыдан 4 көлікке сыйысып, делегация (1 мәшине журналистер) жолға аттандық. Жол қадірін жүрген білер деген, шыжығы мен қызығы мол екі күндік жолда тек ауыздан естіген болмаса бұрын-соңды көз көрмеген тарихи жерлерге де аяқ басуға мүмкіндік туды. Сағына, сарғайып күткен сол қандастарымызбен қауышамыз, арғы-бергі шер тарқасып, мауқымызды басамыз-ау деген бір қуаныш сезімі сөзсіз кеудемізді кернеп барады. Аягөз асып, Өскеменді өкшелегенде түн ауып, бәріміз қонақ үйге жайландық. Өскемен бізді самсаған алау оттарымен, құдды аспандағы жұлдыз біткен тап осы қаланың үстіне кеп үйіле құлағандай жарқыраған шамдардың жарығымен қарсы алды. Жақсылап тынығып алған делегация таң сәрімен қайта жолға шықты. Төркін жақтан төрт мәшине бір-бірімен жарысып келеді. Өлгейдегі ет-жақын бауырларымызға деген сағыныш бізді желдей жетелеуде.

0281 0360 (1)Алайда, өзіміздікі деген Өскеменге кіргеннен шыққанға дейін қала, ауыл,  көшелерге орыс атаулары берілгенін көзбен көріп, қырық жамау, шұрық-тесік жолдың әлегін ұмытып, жер-су аттарының келімсек тілде көлбеңдеп тұрғанына қапа болыстық (Әй, Сапарбаев Бердібек аға қазақы болмысты, журналистердің оң тізіміндегі санаулы әкімдердің бірі еді ғой. Осыны неге қолға алмайды екен дестік. Көрген көзге ұят, әрине!). Не керек, сөйтіп жүргенде шекара асып Ресей жеріне де жеттік. Жол машақаты шаршатып, қарнымыз ашып қалған екен. Біздер енді жақын маңнан тамақтанатын орын іздеу қамына кірістік. Жол бойынан көрінген бір-екі асханаға кіріп ек, тамақтары тегіс аққойдың (доңыз) етінен жасалған екен. Біраздан соң жол жиегінде орналасқан шағын ғана асханадан ыстық шай, картоп қосылған пирәшкімен өзек жалғадық. Алдымызда Рубцовск, Змейногорск, Барнаул, Бийск, Таулы Алтай. Орыстың шетсіз-шексіз қалың ормандарына тамсанумен келеміз. Тамсанып отырып ән салып келеміз. Осыншама орманды өрт жібермей, балта тісін батырмай қалай аялап, аман-есен сақтап отыр екен? деген сұрақ қойысып, қызу әңгіме дүкен құрып, желдей жүйтки жүріп Сібірдің бір етегіне де іліндік. Сібірдің ормандарына жеткенде, осы орманның ішінде репрессия кезінде саяси, қудалауға түсіп, айдауға жіберілген қаншама Алаш азаматтарының сүйектері жатыр екен деген тебіреніс пен сансыз сұрақ маза бермей, ерекше толғанып келемін. Одан әрі орыстың әйгілі «Тескентауына» да жеттік. Тескентау сол зар-заман, өктем империяның аяусыз қанды саясатының құрбаны болған, айдаудағы алаш азаматтарының бүтін тауды еш техникасыз, қара қолмен тесіп, кесіп жасаған асуы. Құдды тарихқа кері оралғандай, әлгі асуға келгенде өксік алқымыма тығылып, көзімнен тамшы жас мөлт етті. Мұнымды өзгелерден жасырып, жасымды сығып қоямын. Сөйтіп жүріп ол жақтың тобықтан  келетін қарына да мән бермеппін ғой. Асу астық, бел астық. 2500 шақырымды артқа тастап, екі күн дегенде Моңғолияға да кіріп келдік. Шекарадағы қызметкерлер де жылы жүзді, қазақтың қара көз ұл-қыздары екен. Бізге бірден «тойға келе жатырсыздар ма?» деді. Бізде, құдды шет мемлекетке емес, өз жерімізге келгендей қазақша шүйіркелесе кеттік әлгілермен. Шекара маңында орналасқан қазақ ауылына тоқтап, қарын тойдырудың қамына кірістік. Әй, айтпақшы, ол жақтың мәнтісінің дәмі еш аузымнан кетпейді. Ол жақта мәнтіні «Бузы» дейді екен.  Ары қарай Өлгей.

Өлгей де менің өз жұртым…

    0528 0403 0565        Баян Өлгей шынымен қазақтар көп қоныстанған аймақ екен. Қазақы салт-дәстүр мен болмыс мықты сақталған. Адамдар көшелерде қазақша тақия, шапан киіп жүре береді. Ерлерінің кигені былғары етік, ұстағаны саптама бәкі. Бізде ше?.. Мұңғылияның басқа аймақтарындағы қазақтар саны 7-8 пайызды құраса, Өлгейдің қазақтарының саны 93 пайызды құрайды. Қалған 7 пайыз сол мұңғылдар. Олардың өзі қазақы ортаға сіңіп кеткен. Мұңғылда 150 мыңдай қазақ жасайды екен. Олар өз діні, ділінен айырылмаған. Керісінше нық бекіп, орныққан. Ең бастысы адамдары ақжарқын, қонақжай. Әсіре мақтағанымыз емес. Оны да көзіміз көрді. Өлгейліктер бай тұрады. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да. Оларды бай дейтініміз, материалдық және рухани жағынан көне қайнарлардан сусындаған, өзінің әуелгі тамырынан айырылмаған, кәсіп көзі де сол бұрынғы мал, ауыл шаруашылықтары. Дүкендерінде таза түйе жүннен тоқылған киімдер мен түлкі тымақтар, былғары аяқ киімдер мен мүйіз бәкілер. Алматыдан барған бәріміз мұны көріп таңқалыстық. Сырт қарағанда дамудан артта қалып кеткендей көрінгенімен, шын мәнісінде мүлдем олай емес. Өлгейлік 130 мың жан басынан шаққанда 1 миллион 500 мың мал басы ресми санақта. Ауқатты қазақ отбасыларының үй қорасында 3000 бас сарлық сиыр байланып тұрғанын көріп, көңіліміз тойды. Жолда кезіккен полиция қызметкерлері де қазақшаға судай екен. Айтпақшы, Моңғолияда ресми заңымен расталған екі-ақ ұлт жасайды. Бірі мұңғыл болса, бірі қазақ. Қалғандары  мұңғылдың тайпа-руы санатында. Не де болса, өлгейліктердің өміріне қызыға да қызғана қарастық.

Төрт күн бойына ат шаптырып, дабыл қақтырып батыр бабаның дүбірлі тойын дүрілдетіп өткізген өлгейліктерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

0574 0600 0689 0670 0622Ер Жәнібектің ерлігін ұлықтаған ұрпақтары Өлгейдің кіріберісіндегі биік төбеге (бұрын бұл жер «Келін төбе» деп аталып келген) батыр есімін беріп, қос бөрісін қасына ерткен Жәнібек Бердәулетұлының ескерткішінің тағанын тартты. Енді бұл жер Алтайдың төрт емшегін қатар емген қазақ жұртының тәу ететін киелі орнына айналады деп сенеміз. Алтайға ел қондырған Ер Жәнібектің төбесі орналасқан 6 мың шақырымдық даңғыл жолға да батырдың есімі берілді. Дәл осы қара жол Қазақстан, Ресей мен Моңғолияны байланыстырып тұрған тікелей жол болып табылады екен. Болашақта Моңғолдан елге қайтатын қандастарымызды бастап шығарып салып тұрғандай бейнені елестетті бір сәт. Дәл осы даңғылға батыр есімінің берілуінің символикалық та мағынасы осыған саяды. Баба рухына бас иген бүгінгі ұрпақ Сарыкөл жайлауында жиналды. Алты қанат жүзге таяу ақ ордалы ақшаңқай үйлер тігілді. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай елдеріне тараған Таулы Алтай, Өр Алтай, Тарбағатай, кенді Алтай мен Қобда бетіне қоныс тепкен керей жұртының бүгінгі бейбіт тірлігінің бастауына бас болған да Ер Жәнібек Бердәулетұлы еді. Жәнекен қазақ халқының бір-бірінен қол үзбей,  бірігуіне алда да себепкер бола беретініне көзіміз жетті.

0692 0850 1053Халықаралық ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы, палуан күресі, ат шаптырған аламан бәйге, көк серкені көкке лақтырған көкпаршылардың тартысы мен бүркітшілер сайысы ұйымдастырылып, Бесбоғдада  бұрын соңды болмаған дүбірлі думан, торқалы той өтті. Төрт мемлекеттен ұзын саны 10 мыңдай қонақ келіп, Сарыкөл жайлауында сары қымызды сапыра ішіп, баба рухына бағышталған асқа қатысты. Батырдың киелі «Ақ туы» ортаға тігіліп, арнайы ақсарбас қой сойылды.  Бұл тойға моңғол көсемі Ц.Элбегдорж мырза арнайы құттықтау жеделхатын жолдаса, Қазақстан президенті атынан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төраға орынбасары Талғат Мамашев құттықтау сөзін сөйледі. Құда да мәз, құдағи да мәз демекші, сағынған қандастарымызды көргенде күлкімізді (қуанышымызды) күл астына көмуден аулақ болдық.

Төрт күндік той көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ұлан-асыр тойдан арқа-жарқа болып, қимай-қимай елге қарай жолға шықтық. Шекараға келгенде әлгі асханаға қайта кіріп, дәмді бузыға тойып алдық. Ол жақтағы бауырлар бізді қимай, біз оларды қимай, алдағы уақыттарда қайта қауышармыз деген үлкен сеніммен тарқастық. Айтпақшы ол жақтың қазысы мен қымызының дәмі мүлде бөлек. Бірақ бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Нұргелді ӘБДІҒАНИҰЛЫ

Алматы-Барнаул-Баян-Өлгей — Алматы,

СДУ-дің 4-курс студенті

суреттерді түсірген Ерлік Ержанұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>