Мади Таукешов: “Ауызша айта бергеннен гөрі іспен көрсеткенді жөн санаймын”

      СДУ тарихында студенттер лигасының президенттігіне сайлау 8 рет болған. Қызығы, президент атанған қыз баласы тек 2012-2013  жылдары болған Лейла Махмудова. Соңғы рет сегізінші президент сайлауы қараша айының 10- жұлдызында өтті. Биылғы жылы президенттікке Мади Таукешов және Әсел Бүргеғұлова түскен болатын. Сайлау процессі сағат 10 00-ден 18 00-ге дейін созылды.  Дауыстарды есептеу нәтижесінде осы жылы кандидатурасын екінші рет ұсынып отырған Мади Таукешов 527 студент пен оқытушының даусын жинап,  жеңіске жетті. Ендеше,  СДУ-дың президенттігі тарихында болмаған рекордты көрсеткіш иесі Мади мырзамен сұхбатымызды оқи отырыңыздар:

 

   Мади, сіздің президент болуыңыз үшін сізге 500-ден аса студент дауыс беріпті. Өте керемет көрсеткіш! Қандай сезімдесіз?

Әрине, мұндай көрсеткішті өзім де күтпеген болатынмын, өте қуаныштымын. Дәл қазір сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес. Барлық студенттерге алғысым шексіз, үміттеріңізді ақтауға бар күш-жігерімді саламын.

 

   Алдыңғы семестрде «Студенттік алмасу» бағдарламасы бойынша Кипрде білім алып келдіңіз. Ондағы студенттік өмір қалай екен? Оларда студенттер лигасының президенті сайланады ма?

Иә, ол жақта жүргенде студенттердің әлеуметтік өмірін, студенттік басқаруларын бақылауға тырыстым. Жалпы, мен білім алған Шығыс Жерортатеңіздік университетте барлық студенттерге президент сайланбайды. Халықаралық университет болғандықтан, түрлі елдерден келген студенттер білім алады. Онда студенттік қауымдастықтардың президенті болады, яғни қазақ ассоциациясының, орыс ассоциациясының деген секілді. Және де бұл қауымдастықтардың президенттері ректоратпен тікелей байланыста болады, бірге жұмыс істейді. Бұл университет  – жан-жақты дамыған, қаржылай жағынан да жетік әлемдік университеттердің бірі. Студенттердің әлеуметтік өмірі де өте жоғары деңгейде. Бұйыртса, талмас еңбектің арқасында біздің де университет сондай дәрежеге жетеді деген ойдамын.

 

СДУ-дың сізге ұнайтын және ұнамайтын тұстары қандай? Немесе өзіңіз өзгерткіңіз келетін бір жүйелер бар ма?

Әрбір заттың жарық және көлеңке жағының болуы секілді біздің университетте де ондай бар. Меніңше, СДУ-да кемшіліктерге қарағанда  артықшылықтар басым. Ең бірінші ұнайтыны – университеттің өз атмосферасы: бір-бірімізге деген мейірбандылық пен кішіпейілдік. Сонымен қатар, менің ойымша, көп университеттерден табыла бермейтін қарапайымдылық бар. Ұнамайтын тұстарды ашып айтпай-ақ қояйын, ал өзгерткім келетін жүйеге келсем, мұндай нәрселерге шағымданбай, алдағы уақыттарда әрекет етіп, нәтижесін көрсетуге бар күшімді саламын.

 

Жалпы алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетесіз бе? Әрине, құпия болмаса?!

Жоспарларым өте көп. Бірақ оның барлығын отырып алып ауызша айта бергеннен гөрі іспен көрсеткенді жөн санаймын. Айтарым:  тек үш бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Олар өздеріңіз білетіндей: ұлттық құндылықтарымызды санамызға сіңіру, университетітің ішкі жағдайын жақсарту және сыртқы қарым-қатынасты дамыту.

            Ендеше, достар, жаңа президентіміз Мади Таукешовтың барлық бастамаларына сәттілік тілейік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *