Али Кочак

Али Кочак: Өз тойымда әзер билегенмін

- Қайырлы күн, Али мырза. Сұхбатымызға уақыт бөлгеніңізге рахмет. Дәстүрлі сауалдарымыздан бастайық. Қай жылы, қай өлкеде дүниеге келдіңіз?

 — Қайырлы күн. 1974 жылы 20 ақпанда Түркияның  Маниса қаласында дүниеге келдім.

 — Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.

— Жұбайым, 2 балам бар. 1999 жылы шаңырақ көтергенмін. Қызым 2000  жылы Атырауда дүниеге келді. Ұлым  2006 жылы Астанада туды, елорданың баласы.

- Бос уақытыңызды қаншалықты отбасыңызға арнайсыз?

 - 3-4 күн бұрын шетелден келдім. Келгелі жұмыстамын, балаларыммен бірге әлі кешкі ас ішпедім. Бұл менің  біраз кемшілігім. Әрине, бос уақытымды барынша отбасыма арнауға тырысамын, балаларым мүмкіндігінше әке қамқорлығын сезінсін деймін. Отбасымыздың дәстүрі десек те болады, бірге таңғы ас ішу. Асығыс болсақ та бірге ішу.

 — Отбасылық дәстүр деп айтып өттіңіз, тағы қандай өздеріңіздің дәстүрлеріңіз бар?

— Үйде балаларымыздың сабақ оқуы, үй тапсырмасын орындауы жоспарлы.  Арамызда келісімшарт та бар. Мен, анасы, өздері де қол қойған. Келісімшарт бұзылса шара қолданамыз, демалыс күндері қыдыртпау, сабақ оқуға уақытты көбейту деген сияқты.

- Сүйікті тағамыңыз?

—  Тағам талғамаймын. Дәмі жақсы болса болғаны. Балаларымыз мәнтіні ұнатады.  Аптасына 1 күні міндетті түрде мәнті дайындаймыз.

- Өзіңіз ас әзірлей аласыз ба?

— Демалыс күні әзірлеймін. Таңғы асқа менің авторлық асым- жұмыртқа мен пияз. Әсіресе, ұлым сүйсініп жейді. Анасын қызғандырып, әкеміз дәмдірек жасайды деп жатады. Негізі ол жағына ыңғайым бар. 5- сыныпты Манисаның орталығында ағаммен бірге тұрып оқыдым, сол кезде бәрін үйрендім.

 - Балалық шаққа оралайық.

— Ерке болдым, тентек болдым. Содан әкемнен ұрыс естіп, қатты қорқатынмын. Қызба мінезді едім. Есімде бастауыш сыныпта бір қыздың шашын өртеп жібердім. Сыныптың старостасымын ғой мені  тыңдамады, арамызда келіспеушілік болды. Бірақ шашы толық жанып кетпеді, артынан сөндіруге көмектестім.  Кейін бұның бәрі басылды. 5- сыныптан бастап өз-өзімді басқаруды, жауапкершілікті үйрендім.

- Мамандығыңызды қалай таңдадыңыз?

— 11-сыныпта оқып жүргенімде  Қазақстан тәуелсіздігін алып жатты.  Сол уақытта Қазақстан мен Түркия арасында студент алмасу басталды. Манисада қазақ отбасылары бар еді, содан да болар мен Қазақстанға барғым келді. Солай Алматыға келдік, бізді 2 топқа бөлді. 1- топ Алматыда, 2- топ Қарағандыға баратын болды. Мен Қарағандыны таңдадым. Түркия жері шағын ғой, біз 1-2 сағатта жетіп алармыз деп ойладық. Сөйтіп бізді пойызға мінгізді де, 24 сағаттан кейін жетесіздер деді. Бізде шок. Ақпан айы болатын пойыздан түссек Қарағанды аяз, қар, боран. Менің үстімде жұқа пальто. Сол кезде маған келген алғашқы ой «Осы қаланың дүниемен байланысы бар ма екен?)» Оқытушылар тамаша қарсалды. Ректор бізге көп жағдай жасады. Онысына әлі де рахмет айтамын. Тіл дайындығын бастадық. Мен орыс тілін таңдадым, қазақ тілін кейін меңгердім. Мамандық таңдарда  психологияға қатты қызықтым.  Ұстазым Нұрбала апайға барып, орысшам қалай, психологияға жете ме деп сұрадым. Ол кісі топтағы үлгерімің жақсы бірақ  қиындау болар одан да ағылшын тілін таңда деп кеңес берді.  Солай мамандығым  таңдалды. Ағылшын пән мұғалімі.

 — Жұмысқа араласуыңыз қалай басталды?

— Университет бітіретін жылы Атырау қазақ-түрік лицейінен шақырту алдым.  Кураторым Фарида апай,ол кісіге де үлкен рахмет анамыздай қамқорлық танытты, қай жер деп сұрады.  Атырау деп едім ол кісі:- «ойбаай Атырау» сен білесің бе өзі ол жерді? Атырауда маса бар, балшығы тағы бар, қиын болады саған»- деді. Алыстығын, климатын ойлап жүрген мен жоқ, жұмыс дайын деп қуаныштымын. Солай Атырауға бардым.

  —  Ал Атырауға немен бардыңыз?

— Ұшақпен жеттім. Пойыз 58 сағат жүреді екен, рахмет дедім.  1997 жылдан бастап үш жарым жыл Атырауда болдым.  Атырау мен үшін бөлек мектеп. Қазақшаны да сол жақта үйрендім. Кейбір ата- аналарамен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Әлеуметтік желілерден шәкірттеріммен тілдесемін, бірақ олар қазіргі суреттерімді көріп шошып қалады «ағай шашыңыз қайда?» деп.

Бірде «KATEV » қорының  жиналысына директорымның орнына бардым.  Жиыннан кейін   дастархан басында жиналдық. Өскемннен келген директор қыс  қатты болғанын, жер үйлермен бір деңгейде қар жауып тастағанын айтып отырды. Ішімнен «Құдай сақтасын мына Өскеменнен, балшығы мен масасы болса да, Атырау артық екен» деп шүкір етіп отырмын. Бір аптадан кейін маған Өскеменге ауысасыз деген хабар келді. 2001 жылы Өскеменге ауыстым. Бұл жақта орысша білетіндігім көмектесті. Тез тіл табысып, үйреніп кеттім. Тіпті, бүгінде туған күніме алғашқы құттықтаулар Өскеменнен болады.

2003 жылы Астана ұлдар лицейіне басшылыққа ауыстым. 2005 жылдан бастап Нұр Ордадың құрылысына бет бұра бастадым.  Маған «Али сен бақылаушы боласың, тек құжаттарға жауап бересің» деген, бір күні қарасам мен көлігіммен құрылысқа гипс, цемент  тасып жүрмін. 2007 жылы  Елбасының қатысуымен Нұр Орданың ашылуы салтанаты  болды. Жұмысымыздың оң бағасын алдық.  Сол кезде осы университеттің  құрылысына  рұқсат сұралған болатын. Нұр Орданың ашылуы ойдағыдай болып, Астанада жақсы жайғасып жатыр едім, жоғарыдан Алматыға ауысасың деген бұйрық келді. Енді университет саламыз деді. Келістім. Мен лезде жиналып қажет жерге кете аламын.

- Тіпті қазір айтылса,  осы университеттен де ме?

— Иә, мен бір жерге байланып қалмаймын. Мынандай жерде қажеттілік бар десе, барамын. Менің ойымша, жұмысыңның алға өрлеп, табысты болуың — шеніңнің жоғарлап немесе төмендеуімен өлшенбейді.  Ұлы Абай айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан».  Бір қиыршық  тас болсам да, өз орнымда тұрып, пайдам тисе, маған одан артықтың керегі жоқ. 2008 жылы Алматыға «KATEV »  қорының вице — президенті,  университет құрылысына жауапты адам болып келдім. Кейін осы университетте қаласың деген хабар келді. 2011 жылдың қыркүйегінен бастап Сулейман Демирел Университетінің бас хатшысымын.

-Күнделікті қарбалас жұмыстан кітап оқуға уақытыңыз бола ма?

— Уақытты бәріне жеткізе білу керек. Жеткізуге болады да. Адам баласында кіріс, шығыс бар. Жұмыс істеп, тәжірибе алмасу бізге шығыс. Ал кірісті біз кітаптан аламыз. Сондықтан рухани азықтануы тиіс. Үйде, жұмыс орнымда болсын кітап болады.  Қазіргі технологияны пайдаланып кітап оқимын ұшақта уақытымды бос жібермей әр ұшқан сайын бір кітап бітіремін.

-  Спортпен шұғылданасыз ба?

— Спортты өте ұнатамын. Бала кезімде бокспен шұғылдандым. Кейін волейбол ойнадым университетте де құрамада 4 жыл ойнадым.  Өкінішке орай денсаулығыма байланысты бүгінгі таңда спорт жағы ақсап жатыр. Қайта күш қуат жинап сортпен айналысуым керек.

 — Біз біле бермейтін өнеріңіз бар ма?

— Жоқ, Сахна өнерден алыстаумын. Ән айтпаймын, дауысым да жоқ. Дегенмен ән-күйден алыс болсам да ұйымдастырушылық қабілетім бар деп ойлаймын.

 -Би ше?

— ол да жоқ.

-Тойда да билемейсіз бе?

-Мен өз тойымда әзер билегенмін.

- Егер сізге ерекше қабілет берілсе қандай қабілетті таңдар едіңіз?

— Тез тіл табысатын, адамдар арасындағы сыйластық, бауырмалдықты арттыратын қабілетті таңдар едім. Бұлар болса бәрі де болады.

- Өмірлік ұстанымыңыз?

— Өкінбе. Өткенге өкінбе. Тағдырыңа риза бол. Сенің ойын, сенің таңдауың. Өткенге өкінгеннен еш пайда жоқ. Табысқа жетемін дейтін адам «өткенге өкіну» деген сөзді ұмытуы тиіс. Керісінше сабақ ал, өзіңді кінәләма, алға қадам бас.

- Студенттерімізге, ұжымға деген тілегіңіз?

— Өздеріңіз білетіндей жақында аккредитациядан өттік. Сонда шетелден келген эксперт студенттеріміз бен ұжымымызға риза болып кетіпті. Ерекше атмосфераны сезіне білген екен. Сол үшін кіре берістегі күзетшіден ректорға дейін барлығыңызға алғыс білдіремін. Сол аураны, сыйластығымызды жоғалтпайық. Бұл біздің басты құндылығымыз, білімнің өзі тәрбие мен сыйластық бар кезде ғана болады.

- Басылымға деген лебізіңіз?

—  БірБет газетінің негізін салушы Рахат Ахмет мырзаға рахмет.  Газет журналистика кафедрасының шеберханасы.  Шығармашылық табыс тілеймін.

 

 

  1. Студент

    Естімеген елде көп демекші, Али бей жайлы тың деректерді оқып отырмыз. Қызық

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>