«Жасыл адамның» жыры

Сіз ерікті болып көрдіңіз бе? Еріктінің атқаратын функциялары мен қызметтерін білесіз бе? Бір ай бойы тегін  жұмыс істеуге дайынсыз ба? «Тегін болса, не қыламын басымды қатырып?» деп, қолды бір сілтеуіңіз мүмкін. Бірақ, оның артықшылықтары мен сізге тигізер пайдасы бар екенін білгеніңіз абзал.

29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында қысқы Универсиада өткені бәрімізге белгілі. Бұл іс-шараға  еліміздің жастары ғана емес, алыс-жақын шет елдерден келген  жүзге жуық ерікті де атсалысты. Алыстан ат терлетіп келіп, «тегін жұмыс істеуге» не себеп болғанын білесіз бе? Оның сыры қарапайым. Ол – күллі әлем көз тігетін дүниежүзілік спорт сайысына септігін тигізіп, бір бөлшегі болуға деген құштарлық. Олар үшін маңыздысы – білу, үйрену, атсалысу, тәжірибе жинау, жәрдемдесу. Мені де ерікті болуға итермелеген осы себептер. Сондықтан, осындай керемет доданың  басы-қасында жүріп, ерікті болғандықтан, бүгінгі жазбамда Универсиада естеліктерімен бөліскенді жөн санадым.

Универсиада-2017 еріктілері

Универсиада-2017 еріктілері

Алғашқы жиын немесе еріктілердің қала әкімімен кездесуі

Еріктілердің алғашқы жиыны 19 қаңтар күні Алматының әкімі Бауыржан Байбек мырзаның қатысуымен өтті. Дүниежүзілік дода өтетін шаһар басшысымен кездескенге дейін біздің атқаратын қызметімізге байланысты оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, Универсиадаға арналған киімдеріміз беріліп қойған. Бауыржан Байбекпен кездесу 300-ге жуық еріктіге бұйырды. Олардың арасында мен де бармын. Ерте жиналып алған біздер әкімді 1 сағаттай күттік. Ақыры, күткен жиын да басталды. Әкімді алғаш өмірде көруім. Кездесу барысында Бауыржан мырза еріктілердің Универсиада кезінде орны ерекше екендігін алға тартып, бізге сәттілік тіледі. Жалпы, жиыннан мотивациялық күш алып шықтық.

Еріктілердің Алматы қаласының әкімімен кездесуі

Еріктілердің Алматы қаласының әкімімен кездесуі

Еріктілердің Алматы қаласының әкімімен кездесуі

Еріктілердің Алматы қаласының әкімімен кездесуі

«Екінші миссия» немесе флешмоб

Алғашқы жиналыстан кейінгі біздің миссиямыз – флешмоб ұйымдастыру болды. Ол үшін Алматы қаласындағы ойын-сауық кешеннің бірі таңдалды. “Сағат 10:00-де жиналамыз” деген еріктілер ақыры 11:30-да діттеген орынға топтастық. Флешмобтағы басты міндетіміз –  кешенде күнделікті киіммен жүріп, бір уақытта барлығымыз еріктілердің арнайы формасын киіп, көзделген жерге жиналып, бірдей іс-қимылдарды қайталау болатын. Жалпы, миссиямызды жақсы атқардық деп ойлаймын. Оны сіз төмендегі видеодан көре аласыз.

Үшінші миссия немесе ерікті ретінде қызметімнің басталуы

Менің ерікті ретіндегі қызметім келген қонақтар мен спортшыларды қарсы алу мен шығарып салу болды. Үш ауысыммен қызмет жасадық. Менің жұмыстарым болғаннан кейін түнгі ауысымда қызмет атқаруыма тура келді. Кезекшілігім  түнгі сағат  12:00 мен таңғы 08:00 аралығы болды. Алғашқы қонақтарымызды қаңтардың 23-нен  қарсы ала бастадық. Меймандарымыз әртүрлі болды. Қырсық, көңілді, ұйқылы-ояу, тағысын тағы. Кез-келген жағдайға көніп, шыдауың керек. Себебі, олардың  Қазақстан туралы алғашқы әсерін қалыптастыратын және қарсы алатын – сенсің, қызметің де сол. Ең бастысы – күліп, жылы шыраймен қарсы алу. Ол миссияны да қатырдық.

Алғашқы күндер қиын болды. Түнде – еріктілік қызмет, таңнан бастап, кешке дейін – жұмыс. Күніне екі-үш сағаттық ұйқы. Осылай күндерімізді өткіздік.

Ресейден келген  спортшылармен

Ресейден келген спортшылармен

АҚШтан келген спортшыларды да қарсы алдық

АҚШ-тан келген спортшыларды да қарсы алдық

Қызықты оқиға

Көлеңке секілді іс атқарып жүрген еріктілердің басынан өткізген қиыншылықтары мен қызықтары өзгелердің көзінен таса болып, байқалмай жататыны белгілі. Сондай бір басымнан өткен қызықты оқиғаны баяндап берейін. Эстониядан келген делегатты көлікке дейін жеткізіп салу маған тапсырылды. Ағылшынша «орыс тілін білесіз бе?» деген сауал қойдым. Алдында, «қалай жеттіңіздер?» деп сұрағанымда ағылшын тілінде жауап берген қонағымыз, екінші сұрағыма «да, я знаю» деп орыс тілінде  жауап қайтарған кезде не күлерімді, не  тағы қандай сұрақ қоярымды білмей, сасып қалдым. Эстондықтардың көбісінің орысша білетінін білмедім. Осындай қызықты оқиғалар да бастан өтті. Көп спортшылардың жүктері уақытында келмей, жоғалып, қайта тапқан кездер өте көп болды. Олардың құрал-саймандарын көтеруге көмектесіп, діттеген көлікке жеткізуді айтыңыз. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, өте ауыр екен.

Туркиядан келген спортшылардың жүгі бір күн кешігіп келді

Туркиядан келген спортшылардың жүгі бір күн кешігіп келді

Болашақ еріктілерге кеңес немесе ерікті болудың артықшылықтары

Ерікті болу біздің елде кенже қалған, аса дамымай,  көбісінің қызықпайтыны да жасырын емес. Ал, шет елдерде, әсіресе Еуропа мен АҚШ, Канадада өте жақсы дамыған. Тіпті, ерікті болу атақ алғанмен тең. Кейбір университеттер сіздің ерікті болғаныңызды ескеріп, оқу орнына тегін бөлімге алады немесе жұмысқа қабылдар алдында сіздің ерікті болғаныңыз ескеріледі.

Ерікті болу үшін ең алдымен шыдамдылық, тіл табыса білу, өзге елдің мәдениетінен хабардар болу, харизма, тапқырлық, мүмкіндігінше шет тілдерін білу керек. Бұл қасиеттер  бойыңыздан табылса, демек сізден жақсы ерікті шығады. Ойыңызда пайда табу деген болмауы қажет. Ең бастысы еліңізді жақсы жағынан танытуға талпынуыңыз, мәдениетіңізді таныта білуіңіз маңызды.

Ерікті болуға өтінішті бермес бұрын менде тек бір ой болған. Өзге елден келген қонақтармен сұхбаттасып, ағылшын, түрік тілдерінде сөйлеу тәжірибемді жақсарту, жетілдіре түсу. Ал, қызмет барысында көптеген достар табатынымды ойламағанмын. Енді міне барлығы бітті. Ал мен сол бір күндерді, достарымды сағынып отырмын…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *