Ғұмар Қараш кім?

Ғұмар Қараш

(1875-1921)

Ғұмар Қараш – көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, дін-шариғат, имандылық жолын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік білген ғұлама-ахун, өз дәуіріндегі мерзімді баспасөзге қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім» журналын шығару үшін қызу атсалысқан баспасөз жанашыры.

Оның 1910-1918 жылдарда Қазан, Үпі (Уфа), Орынбор қалаларынан «Ойға келген пікірлерім», «Бала тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Бәдел-хажы», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» сияқты өлең кітаптары мен прозалық-философиялық толғаныстары жарық көрді. Сонымен қатар ел аузында жүрген ақын, жыраулар мұрасын, эпостық жырларды жинап, жариялауда елеулі істер атқарды. Қазақстанның батыс өңіріне тараған батырлық жыр мұраларды жинастырып, 1910-1912 жылдары Орынбор қаласынан «Шайыр», яки қазақ ақындарының басты жырлары», «Көксілдер», яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батыр-лары уа ғайри мағыналы жырлар» деген екі жинақ шы-ғарады. «Шайыр» жинағына Байтоқ, Жанұзақ, Доспамбет, Қазтуған, Шәлгез, Әсет, Шәңгерей шығармаларын, шешендік сөздер мен «Ер Шобан», «Әділ сұлтан» сияқты жырларды – жиырмадан аса әдеби мұраны топтастырған.

Ғұмар Қараш XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласына кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрысты-ғы» сияқты газеттерде сол дәуірдің көкейкесті мәселелері хақында өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінеді.

Ғұмар Қараштың 1919 жылы Ордада қазақ жазушы-ларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салғанын айтсақ, өзі туып-өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашы-лық артелін ұйымдастырып, қандастарын жаңа өмірге бейімдегенін еске алсақ, қысқа ғұмырында қыруар іс бітірген тұлғаның толайым бейнесін тани түсеміз.

Туып-өскен ортасы

«Ғұмар Қараш 1875 жылы бұрынғы Бөкей ордасындағы Таловка қисымында №2 старшындықтағы Құрқұдық тұрағында дүниеге келген. Ол Қараштың алты ұлының үлкені» деп жазады белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиев өзінің «Ғұмар Қараш» атты кітабында. Бұл 1920 жылы көкек айында Ғұмардың өз қолымен жазылған «Тіркеу карточкасынан» алынған дерек. Бұл өңір қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарайды.

Ғұмардың руы – Кіші жүз құрамына кіретін ноғай-қазақ. Оның ішінде қояс, одан Оразақай. Әйгілі Шәлгез жырау Тіленшіұлы Ғұмардың түп атасы делінеді. Ғұмар әкеден жастай жетім қалса да, ауқатты ағайындары арқасында қатарынан қалмай білім алған – әуелі ауыл молдасынан оқып, хат танып, сауат ашады. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты молдалардан, Жалпақтал (Фурманов) елді мекеніндегі Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алғаны айтылады. Исатай Кенжәлиев Ғұмарды жас кезінде сол өңірдегі 1 кластық орыс-қырғыз училищесінде оқуы да мүмкін дейді. Өйткені Ғұмардың жастайынан татар, орыс, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. «Ғұмар Қараш» атты кітап жазған зерттеуші Мақсат Тәж-Мұраттың еңбегін-де кейіпкеріміздің Уфадағы «Ғалия» медресесінде, тіпті Стамбұлда оқығандығы туралы деректер бар екенін ортаға салады. Алайда бұл мәліметтерді нақтылайтын тарихи құ-жат әзірге табылмаған.

И.Кенжәлиев Ғұмардың 17 жасынан-ақ молда болып, 1892-1898 жылдары туған жері Құрқұдықта бала оқытқанын айтады. 1902-1910 жылдары да өзі туып өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытқаны белгілі.

Ғұмар – журналист

«Ғұмардың қоғамдық-саяси белсенді қызметі дәл қай кезден басталған?» – деген сауалға Есмағамбет Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиев, Мақсат Тәж-Мұрат секілді зерттеушілер-дің қай-қайсысы да кеңірек тоқталған. Әрине, XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси ахуал қазақ даласына әсер етпей қоймады. Соның ішінде арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастаған Ғұмар әдеби, тарихи, пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқыған. Ислам қағидаларын жетік білетін Ғұмар дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұмат алған. 1907 жылдардан бастап ол қазақ, татар тілдерінде шығатын газет, журналдарда мақалалары мен өлендерін жариялайды. Ол елдің әлеуметтік өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене атсалысады. Бұған куә – оның 1911-1913 жылдарда әуелі Ордада, кейін Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетін шығаруға, оның жұмысын жолға қоюға белсенді қызмет етуі.

«Қазақстан» газеті – шын мәнінде тәуелсіз қазақ баспа-сөзінің қарлығашы десе болады. Өйткені, оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888-1894) патшалы Ресейдің өз саясатын жүргізуі үшін шығарған басылымдар болса, Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Серке» газеті (1907) бір ғана санынан кейін жабылып қалған. Ал «Қазақстан» – Орда мен Оралда (1911-1913) біршама ұзақ уақыт тұрақты шығып, таралған.

Әрине, «Қазақстан» газетін шығаруға Ғұмардан басқа Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейітқали Меңдешев, Ғұбайдолла Бердиев т.б. алаш зиялылары атсалысқаны белгілі. Бірақ «Қазақстанның» тігіндісін түгел ақтарып шыққан жан Ғұмар Қараштың ең көп мақала жазып, идеялық бағыт-бағдарын жасағанын байқар еді.

2012 жылы ұлтжанды азамат, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің бастамасымен «Қазақстан» газетінің Ресей мұрағаттарында жатқан тігінділері Орал қаласына алдырылып, қазіргі кириллица әліпбиіне ау-дарылды. Газет мақалаларының толық мәтіні, түпнұсқаның көшірмесі және газетті шығарған тұлғалар туралы деректермен толықтырылып, жеке кітап болып жарық көрді. Ұлт баспасөзінің қарлығашы – «Қазақстан» газеті туралы «DANA.kaz» журналы алдағы сандарының бірінде жеке тоқталатын болады.

Ғ.Қараш 1918 жылы Ордада ұйымдастырылған, айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқасын да басқарған. Бұл – тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы еді. Ғ.Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды.

Биыл, яғни 2013 жылы шыға бастағанына 95 жыл тол-ғалы отырған Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газе-тінің де бастауында тұрған тұлғалардың бірі – Ғұмар Қараш. Мысалы, 1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешов, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылайды. Көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгер-тілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тамимдар Сафиев кірген.

Ғұмар Қараштың «Айқап», «Шора» журналдары мен «Қазақ», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін толғайтын өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінгені оның белсенді позициясын айқындай түседі. Ол баспасөзді – қараңғы қазақтың көзін ашатын жалғыз шырақ, құрал деп түсініп, күні-түні қызмет етті. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы санында жарық көрген «Газет деген не зат?», «Газет не үшін керек?» атты мақалаларында Ғұмардың ағартушылық мұраты анық көрінеді.

Әрине, кеңес өкіметі билік құрған жылдары Ғұмар Қараш – тыйым салынған тұлға, оның шығармашылығы – жабық тақырып болды. Тек 1988 жылдан бастап қана оның өмірі мен қызметін ашық зерттеуге жол ашылды. Әйткен-мен, арада өткен ширек ғасырда әлі жарық түспеген ақтаңдақ көп. 1994 жылы Қабиболла Сыдиықовтың құрастыруы-мен жарық көрген Ғұмар Қараш шығармаларының «Замана» жинағына кірмеген өлеңдер, мақалалар әлі де көп.

Ғұмар және Алашорда

Ғұмар 1917 жылғы ақпан төңкерісіне және «Алаш» партиясына үмітпен қарайды. Оның 1918 жылы «Тұрымтай» жинағында жарияланған «Көреміз бе?», «Келер ме екен?», 1918 жылы 22 қаңтарда «Сарыарқада» жарық көрген «Алаштың азаматтарына» деген арман мен үмітке толы өлеңдері осы кезеңде жазылады.

Ғұмар Қараш 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді.

«Революция басталған кезде Ғұмар Қарашев Уфада болатын. Ол сондағы муфтиаттың (діни мекемелер орталығы) IV бөлімін басқарды. Бөлім міндеті – медресе шәкірттері мен жоқ-жітік балаларға жәрдем беру, оларды оқыту шараларын ұйымдастыру еді» – деп жазады Салтанат Ысмағұлова «Қиын да сұлу тағдыр» атты мақаласында («Жалын» журналы, №3, 1989 ж)

1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында Ғұмар Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, сонда тартымды баяндама жасайды. Сәбит Мұқановтың «Омар – Алашорда партиясының үкімет молдасы болды» дегені оның осы кезеңін меңзей айтылған сөз. Сәкен Сейфуллин де «Тар жол, тайғақ кешуде» «сиез төрағасының төрт серігінің бірі – Омар Қарашұлы» деп кесіп айтады. Ғұмар өмірінің осы кезеңіндегі көңіл күйі оның 1918 жылы жарық көрген «Тұрымтай» жинағындағы «Көреміз бе?», «Келер ме екен?» өлеңдерінен байқалады.

Ғұмар Алаш автономиясы жарияланған тарихи кезеңде жазылған «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерінде халықты әлеуметтік белсенділік пен сергектікке, ел мен жерді қорғауда тұтастыққа шақырды.

 Дереккөз: danakaz.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *