3-курс студенті Нұршат Әбу

Болашақ полиглот — SDUdent

Бүгінгі репортажымыздың кейіпкері университетіміздегі белсенді студенттердің бірі, іскер де еңбекқор, ақылына көркі сай, талапты қыз — Нұршат Әбу. Ол СДУ -да филология факультетінің екі шет тілі кафедрасының 3-курс студенті. Шет тілі дегеннен -ақ бұл қыздың қазақ тілімен орыс тілін ғана емес, өзге тілдерді де меңгергенін аңғарған боларсыз.  20 жастағы  Нұршат Әбу қазақ тілінен өзге орыс, ағылшын,түрік, испан,  кәріс тілдерін  яғни 6 тіл біледі.

ӨЗІ ТУРАЛЫ

Нұршат  —  Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Студент қыздың тілге қызығушылығы әкесінен берілген. Оның айтуынша әкесі кезінде 6 тіл білген екен. Алайда күнделікті өмірде қолданбағандықтан үшеуін ұмытып қалған.  Әкесі – тарих, анасы – математика пәнінің мұғалімі. Ол үйіндегі 4 баланың ең үлкені. Тілге жақыны  да өзі.  Ол басында  № 141 орта мектебінде оқыған. Сол кездің өзінде оның оқу үлгерімі өте жақсы болған. Кейін ол қазақ-түрік қыздар лицейіне оқуға түседі.

«Лицейге түсу аяқ астынан қабылданған шешім болды. Лицейге түсу арманым деген болған емес. Түркістанда қазақ — түрік университеті бар ғой. Мен лицей сол университеттің жанындағы бірнәрсе шығар деп ойладым. Негізі анам  «барасың ба, бармайсың ба» деп сұрады. Мен бірден «иә» немесе «жоқ» демей, «білмеймін» деп жүрдім. Бірақ жаңа нәрсе қызықтарады ғой. Барып көрейін дедім, сонымен түстім. Бірақ өзім қалай түскенімді білмеймін. Себебі мен ол кезде ауырып жатқам. «Түстің» деген хабарды ауырып жатқанда естідім, -дейді ол

Нұршат лицейде оқып жүргенде оны мазақтағандар да болған.  Оған себеп оның тек қана қыздармен оқуы. Алайда болашақ полиглот ол сөздерге мән бермеген. Керісінше, кейіпкерміздің айтуынша, оның оқушы кезіндегі ең тамаша сәттер сол лицейде өткен.

Қазақ түрік қыздар лицейі

Нұршаттың қазақ -түрік қыздар лицейінде оқып жүрген кезі

«Кілең қыздармен оқыдым. Басында туысқандарым, бұрынғы сыныптастарым, таныстарым барлығы күлетін. «Тек қана қыздар ма? Ұрыспайсыңдар ма?» деп мазақтайтын. Бірақ күшті уақыттар сол лицейде өтті деп айта аламын. Өйткені мұғалімдер де, сыныптастарым да ең күшті адамдар болды,-деді ол.

Сонымен қатар, СДУ студенті қазақ-түрік лицейінде оқып  жүргенде 7 – сыныптан 10- сыныпқа дейін  түрік тілінен ерекше белсенділік көрсеткен.  Білімгер 7- сыныпта  тек 7 сыныптағылар арасындағы олимпиада, 8 – cыныпта KATEV білім олимпиадасына бақ сынаған.  Ал 10-сыныпта 140 мемлекет қатысқан халықаралық олимпиадада эссе жазудан 2-орын алған.

Сондай –ақ кейіпкеріміз алтын белгі иегері.  Ол ҰБТ –дан 121 балл  алған.  Өзінің осы деңгейге жетуіне мұғалімдердің көмегі зор екенін алға тартты.

«Мұғалімдер сабақ түсінбесең сұрайтын. Қайта — қайта түсіндіретін. Бір тақырыпты түсінбесең, бір апта бойы саған жеке отырып түсіндіре алатын. Тәрбиешілер де жақсы нәрсе сұрасаң ешқашан «жоқ» деп айтпайтын. Әрқашан бізге өз уақыттарын бөлуге тырысатын. Сыныптастарым да көмектесуге дайын тұраты» -деді ол.

Нұршаттың мамандық таңдауына ата –анасы әсер еткен.   Алайда баласының қай салаға бейім екенін аңғарған әке- шешесі оған болашақ мамандығын таңдауда көмектескен.  Өзінің айтуынша ол басында программист болуды қалағанымен, физика оқығысы келмеген. Осылай болашақ мамандығын таңдай алмай жүргенде, оған әкесінің бір ауыз сөзі Нұршатқа әсер еткен.

«Әкем «кішкентай  кезіңнен ағылшын тілін жақсы көресің ғой» деді. Сондықтан басқаның көзқарасымен қарағанда өзіңді жақсырақ танисың ғой.  Әкемнің айтқанымен  ағылшын тілін жақсы көретінімді түсіндім. Өзіме де бұрыннан тіл жағы жақын болатын. Солай  екі шет тілі мамандығын таңдадым. Алайда мен бұлай көп тіл үйреніп кетемін деп ойламадым. Тек түрік тілін жалғастыратын шығармын деп ойлағанмын. Себебі түрік тілін қатты жақсы көретінмін»

Оқи отырыңыз:  Ағылшын тілін үйренушілерге арналған 8 лайфках

ТІЛ ҮЙРЕНУІ

Нұршаттың екінші тілі  — испан тілі.  Бұл тілді таңдауы туралы ол былай дейді:

«Біз екі шет тілі мамандығында оқығандықтан 1 – курстың 2-семестрінде екінші тіл таңдау керек болды. Маған таңдау қиынға соқты. Себебі мен келгенге дейін мұнда тек үш тіл ғана болған. Мен түрік тілін таңдайын деп едім, ата — анам рұқсат бермеді. Себебі  «сен білесің. Білген тілді қайтадан не үшін оқисың» деді. Қытай тіліне барғым келген жоқ. Француз тілі қиын деп көрдім. Сосын біз келген жылы испан тілі ашылды. Сосын соған барамын деп шештім»

Ал кәріс тілін ол өз қызығушылығы бойынша бастаған.  Нұршат 2-курста оқып жүргенде СДУ-да кәріс тілі ашылған. Ол кәріс тілінен беретін мұғалімге барып, екінші тіл ретінде кәріс тілін таңдағандармен бірге үйрене бастаған.

«Мен Корея мәдениетіне қызығамын. Сол үшін киносын да көріп, өлең де тыңдағаннан кейін түсінгім келді. Сондықтан 2 курстан бастап кәріс тілін үйрене бастадым. Кәріс тілін үйренуді өздігімнен қолға алдым» -дейді ол.

Сондай –ақ полиглот қыз  Кореядан  Exchange бағдарламасы бойынша келген студенттермен сөйлесу арқылы да тілін жеілдірген.

3-курс студенті Нұршат Әбу

3-курс студенті Нұршат Әбу

 

Нұршат тіл үйренуде белгілі бір тәртіппен жүруді алға тартты.

«Тіл үйренуде әр тілге бір сағат уақытымды арнаймын.  Әр тілге аптасына үш рет назар саламын. Кәріс тілі – дүйсенбі, жұма, жексенбі болса, испан тілі сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері қараймын. Сабақ оқып шаршап кеткенімде, тіл үйрену маған демалыс сияқты болады. Әрі бұл қызық болғандықтан өзіме де ұнайды»-деді.

Студент көп тіл білудің есте сақтау қабілетіне де жақсы екендігін тілге тиек етті. Сондай –ақ өзі осы салаға қызыққандықтан, жалығу сияқты сезімдердің болмайтындығын атап өтті. Алайда тіл үйренуде тек қана қызығушылық қана емес, басты нәрсе ықылас екендігін алға тартты.

«Негізі адам не істесе де, тіл үйрену ғана емес, қандай да бір мысалға тамақ істеу болса да, бірініші адам өзінің ықыласы күшті болу керек.  Ниет. Жарты жолда тастап кету емес.  Мысалы мен тілді қатты жақсы көрдім. Егер жақсы көрмесем  тастап кетуім де мүмкін еді» -деді.

Тәлімгер кәріс тілін үйрене бастағанда оған ата –анасы «сабағыңды оқы», «саған кәріс тілі  диплом бермейді» деп наразы болған. Бірақ қызының осы тілге қызығушылығын байқағаннан кейін қарсы болмаған.  Осы жағдайды мысал келтіре отырып болашақ полиглот қыз тіл үйренуде мыналарды айтты:

«Бірінші  — өзінің қалауы мықты болу керек. Екінші  — жан – жағынан мотивация болу керек. Үшінші — бір істі бастап, тастап кеткенде дұрыс емес. Өзім перфексионист болғаннан кейін бітіруге тырысамын. Негізі ең бірініші өзінің қалауы» -дейді.

Сонымен қатар ол тіл үйренуде тек қана граматикамен шектеліп қалмай жан –жақты қарастыру керек екендігін сөз етті.  Күнделікті сабақ тапсырмасынан бөлек ол, өзге тілдерде телебағдарламалар, шоу көреді. Бұның пайдасы өте зор екендігін тілге тиек етті.

Нұршаттың тағы бір ерекшелігі ол өзгелер сияқты 3-5 жылға жоспар құрмайды. Қазіргі уақытын барынша тиімді пайдаланып, соны бағалауға тырысады.  Ол жоспар құрғанда бір ай, екі ай, 6 ай немесе бір жыл деп жоспарлайды. Одан әрі асырмайды. Бұның өзі үшін тиімді екенін айтты:

«Мен ұзақ уақытқа жоспар қоймаймын. Бірақ қазіргі уақытта не бар соған байланысты. Мысалы бір жыл ішінде не бітіруім керек деп, өзім жазып қоямын да, соны бітіруге тырысамын»-дейді ол.

Нұршат пікірінше, белгілі бір істі бастағанда ортаның жағымды немесе жағымсыз әсері болады. Оған осылай тіл үйренуді бастағанда, басында  «не үшін көп тіл үйренесің?» деп түсінбегендер де болған. Алайда сол ортаның сөзіне мән бермей, барынша көздеген мақсатыңа ұмтылған:

«Әркімнің қызығушылығы әртүрлі. Мені көбісі «не үшін көп тіл үйренесің» деп түсінбейді. Бірақ маған қызық. Қызығушылық болғанда да ой уақытша ғой деп тастап кетпей соңына дейін жеткізу. Ортаның сынауына берілмей, алдыңа қойған мақсатың болса соған жетуге тырысу.

Ақылына көркі сай, жетемін деген мақсаты мен асқақ арманы бар кейіпкеріміз өз әңгімесін осылай аяқтады.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>