ВАЛЕНТИНДІ ТОЙЛАП АҚПАНДА, ТҮСІП ҚАЛМА ҚАҚПАНҒА

Ғашықтар күні

Әулие Валентин шайтанның қақпағы

Ақпан айы есігін айқара аша салысымен көтерілетін өзекті мәселенің бірі – Валентин күні. Батыстан келген жат ағымды ғашықтардың мерекесі деп тойлатқан жандарды көргенде налитының рас. Әрине, бұрынғыдай түрлі шаралар ұйымдастырып шарқ ұрмаса да, төл мерекесі келгендей қуанатын кейбір жандар барын жасырмаймыз. Сонда өзгенің қаңсығын таңсық қылып жүргеніміз қалай? Оған кінәлі жастардың қалауы емес, еліміздің өзгелерге еліктеушілігі.

Өткенге көз жүгіртсек, қазақ ұғымында мұндай мейрам болған емес. Ата-бабаларымыз «жат ағым жарға жығады», – деп текке айтпаса керек. Бұл біздің салт-дәстүрімізге жат дүние. Алайда, бүгінгі қоғамда оны ескерер жанның азайып бара жатқаны көңіл құлазытады.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Валентин күнін дүркіретіп тұрып атап өтетін. Бұл күні базарда көздің жауын алатын жүректер мен қос ғашықтың суреті бейнеленген бұйымдар тізіліп тұрады. Тіпті, мектепте хат салатын арнайы қорапшалар қойылатын. Сол қобдишаға «досыма», «сүйіктіме» деген мәтіндері бар «жүректер» салынады.

Ал, бүгінгі қоғамда Валентин күнін тойлатуға тыйым салынып, түрлі шаралар ұйымдастырылмаса да жастар арасында атаусыз қалмауда. Бір-біріне сыйлайтын «валентинкаларын» көрсеңіз жаға ұстатады. Бұрынғы «досыма» деген мәтін өзгеріп кеткен. Қазіргі сыйлықтың сыртындағы «Ты мой, я твоя», «мой страстный» деген жазбалар мен ұятты суреттер бейнеленген ашық хаттар адам шошырлық. Бұл шимайды көрген балалар қандай тәлім-тәрбие алмақ? Оның үстіне кешке көше мен саябақта бір-біріне кенеше жабысқан жастар да көбейе түседі. Тіпті, отбасылы адамдардың да үлкен күнәға батып, бөтен қыз-келіншектерге сыйлық жасайтыны жасырын емес. Ойнақ сап жүріп от басып, отбасын құра алмай жүрген жандар осындай мерекенің кесірінен емес пе? Мұның соңы зинаға жетелейтінін біле тұра неге селт етпейді.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресінде: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол – арсыздық және жаман жол», – деп зинадан аулақ болуды бұйырады. Иә, жаман жолға жетелейтін мерекеден арылуымыз қажет-ақ. Бүгінде мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалардың өзі валентин күнін асыға күтеді.

Жақында бір танысымның үйіне бардым. Сол үйдегі екінші сынып оқитын қыз әке-шешесіне «ғашықтар күні жақындап келе жатыр, ертерек «валентинка» алып қояйық» – деп былдырлай сөйледі. Ой, Аллай ана сүті аузынан кеппеген бүлдіршін валентинді қайдан біледі? Оқуын ойламаса да, мейрамсымаққа алдын ала дайындалып, қай жүректі кімге берсем екен деп дал болмақшы. Ең сорақысы ата-анасы да қарсы емес. Әлде, ерке қызын ренжіткісі келмеді ме, «алып береміз», – деді де қойды. Сосын әлгі қызды шақырып алып, бұл мереке біздің ұғымымызға жат екенін айтып түсіндірдім. Балаларға бөгде елдің былығын тойлатсақ, ертеңіміз не болмақ? Даналарымыз «Тәрбие – тал бесіктен» деп текке айтпаса керек. Қазірден бастап балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін үйретпесек, салт-дәстүріміз құрдымға кетіп, дініміз әлсіреп, тіліміз шұбарланып кетері хақ.

Валентин күнін тойлауды тоқтату

Валентин күнін тойлауды тоқтату

Қоғамның олқылыққа толы тұстарын көргенде ата салтын ұлықтаған, дін мен ділін ұмытпаған, ғашықтар күнінде «жүрекше» сыйламаса да, жүрекпен сүйген бабаларымызды сағынады екенсің. Солардың дара жолымен жүріп, қазақтың «қасиетті» деген сөзін қайдағы бір Валентинге жалғамағанымыз абзал. Ақпанда «ғашықтар күнін тойлаймыз», – деп жатқанда Валентин құрған қақпанға түсіп қалып жүрмейік.

“Огни Алатау” газетінен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *