Бақыт Шалбаев: Жетістіктің өлшемі жоқ

Адам өмірде жетістікке жеткісі келеді.Сол үшін сан түрлі жолды таңдайды,еңбектенеді,нәтижесін көреді. Біздің кейіпкеріміз де сондай жандардың бірі.

Алғашқы еңбек жолы:

Бақыт Шалбаев

Бақыт Шалбаев

«Мен 1954 жылы қазанның 20-да Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласында дүниеге келдім. 1961 жылы бірінші сыныпқа барып, 1971 жылы М. Әуезов атындағы 10 жылдық мектепті тәмамдадым. Сол жылы Алматыдағы «Ленин» атындағы политехникалық институының металлургия факультетіне оқуға түстім. 1976 жылы аталған оқу ордасын үздік тәмамадаған соң мені «Текелі қорғасын-мырыш» комбинатына жолдамамен жіберді. Ол уақытта мұнда 5 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Мен қатардағы жұмышы ретінде қабылдандым. Институтта алған білік білімімді  өндірісте қолданып, білікті маман екенімді  көрсеткен соң басшылық төрт-бес айдан кейін бригадир, сосын  шебер дәрежесіне көтерді. Берілген тапсырманы тыңғылықты атқардым. Тындырған шаруамның қателігі болмас үшін барымды салдым, аға кадрлардан үйреніп, ешқашан өзімбілгіштікке салынбадым. Үлкенді тыңдап, кішіге ізет көрсетуімнң нәтижесінде тәжірибе жинадым. Олқы тұсымды бағамдап,толыстым. Бұл талпыныс мені механик атандырды. 1977 жылы Кеңес одағы коммунистік партиясы  мүшелігіне кандидат болдым. Кейіннен партияға өттім. 1980 жылдары геологтар тек жер қойнауын бұрғылайтын да қанша көлемде шикізат, соның есебін үкіметке өткізетін. сол тұста олар шахта ашпақшы болды. Ал біз тау-кен туралы оқып, білімі толысқан дайын маманбыз, оны игеруге рұқсат беріледі. Міне, сондықтан мені Текелідегі партия бөлімшесі шақырып алып: «Сен жассың, білімің жеткілікті»,-деп Жамбыл облысында енді ғана ашылып жатқан «Ақбақай» алтын экспедициясына жіберді. Партия мүшесі болған соң қарсылық білдірмейсің. Айтқан жерге баруға міндеттісің. Сонымен «Ақбақайда» бас механик болып төрт жыл еңбек еттім. Одан соң Жоңғар геолгиялық барлау экспедициясының электормеханигі ретінде Текеліге қайта оралдым. Сонымен ары қарай жұмыс ретімен жүріп отырды.

Бақыт Шалбаев елбасымен бірге

Бақыт Шалбаев елбасымен бірге

Мектеп кезі…

«Орташа баға төрттен асты. Сегізінші сыныптан бастап, ЖОО-на қайтсем де түсемін деген мақсат қойдым. 9 ағайындымыз, мен –  екіншісімін. Ағам менен үш жас үлкен. Ол Алматыдағы қазіргі ҚазҰТУ-дың бұрғылау ісі мамандығына оқуға түсті. Кәсібінің қыр-сырын айтып, мені қатты қызықтыратын. Ағама қарап еліктедім, болашаққа талпындым.

Балалық шағы

Қазіргі кезде мектепттегі баланы жұмысқа жексең, жауапкершілікке тартып жатады.  Меніңше, бұған сәл ойлану керек сияқты. Өйткені жастайынан балаларды жұмысқа тартып,үйреткенен ұтылмаймыз. Менің туған жерім мақтамен тығыз байланысты елдімекен болды.  Біз түске дейін оқитынбыз. Түстен кейін бір-екі сағат  мақта тергізетін. Жылына үш айдан, он жыл бойы ақ алтынмен дос болдық. ЖОО-на түскеннен кейін группаны мақта теруге алып барды. Студенттердің көбі мақтаның не екенін білмейді. Біреуі ағаштың басында өсе ме десе, екіншісі жердің астынан қазып ала ма деген сияқты сауалмен ішек-сілені қатыратын. Діттеген жерімізге жетіп орналастық. Ертесі әр студентке 15-20 келіден  мақта жинау жоспарын берді. Мен «Егер міндетті артығымен орындап, жоспарды уақытынан бұрын бітірсем, межелі екі айдан бұрын үйге ұайтуыма бола ма»,-деп сұрады. «Әрине,болады»,-деп күлді де қойды, студентті менсінбегендей сыңай танытқан мақтангерлер. Оңтүстікте мақта теруден жарыс өтетін. Оған жиі қатысып жүлде алатынмын. Өзгеге қосылмай дара шығып, бөлек жер өлшетіп алдым да жұмысыма кірісіп кеттім. Сонымен не керек тоғыз күннің ішінде екі айдың жоспарын орындап тастадым. Бірақ маған сенген жоқ. «Сен бізді алдадың, мақтаның арасына тас салып әкеліп салмағын жоғарлатып қулық жасадың»,-деп орынсыз айыптады.  Кураторыма барып: «Мақтаға жауапты басшылықтан комиссия шақыртыңыз, мен сол кісілердің алдында ақ екенімді мақта теріп дәлелдеймін»,-дедім.  Елдің бәрі естіді. Көп адам жиналды. Жоғарыдан жасы 50-ге келіп қалған бір адам келді. «Мен осында туып-өскем. Мақтаның не екенін, қалай жиналатынын білемін. Сенің бұныңа сену қиындау. Бұған үлкен тәжірибе керек. сен бала үшін түске дейінгі уақытымды бөлемін»,-деді ол. Үндеместен көз алдында ақ алтын теруді бастадым. 35-40 минуттан кейін мені тоқтатты. Өмірлік тәжірибесі ме, әлде адамгершілігі ме, мені өзіне шақырып алып:

«Балам, мені кешір.Қай жақтансың? –деді. Мен «Сарыағаштанмын» дедім. «Түсіндім, білдім» деді де сол жердің өзінде есепшіге менің барлық ақшамды есептетіп, қолыма ұстатты.Содан бастап группа мені «комбайн бала» деп атап кетті.  Осылайша басқалардан бұрын қайтып, екі ай үйде демалған жайым бар.

Бала күнімізде расымен қиналатынбыз

Бала күнімізде расымен қиналатынбыз. Ойнағымыз келетін. Бірақ, өсе келе жаңағындай ортаға түскенде ата –анама ризашылығымды білдірдім. Студенттердің алдында өзімді биік ұстап, жалқау еместігімді, адалдығымды  дәлелдедім. Әлгі кісінің көпшіліктің алдында мені басына көтергені, бағалағаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Аталған оқиғаны қашанда есіме алып отырамын. Өйткен менің де қоластымда бірнеше жүздеген адам жұмыс істеді. Олардың еңбегін бағалап, мақтайтын жерде мақтап, сыйлайтын жерде  басыма  көтеріп марапаттадым. Ол-өзара сыйласымдылық. Сол арқылы сен ортаңды бақыт құшағына шомылдырып, қолға алған ісіңді тиянақты жүргізе аласың. Жетістікке жетесің. Бұны өмірлік тәжірибем дәлелдеп берді.

Балалық шақтағы арманы

Көпбалалы отбасында ержеткен соң қарабайыр күн кештік. Қу тірлікте ата –анамыз бірін-біріне жеткізе алмай қатты қысылатын. Көбіне ағамның киімін киіп өстім. Ал інілерім менікін дегендей. Сонда мен ерте есейіп, жақсы жұмысқа тұрып әке-шешеме көмектессем, артымдағы қарындастарымды көтерсем дегенді армандайтынмын. Шүкір, соған жеттім.

“Мен үшін бақыттың асылы  – ұрпағым, елдің тәуелсіздігі,мығым болашағымыз”

Отбасы

Алматыда оқып жүріп, 19 жасымда үйлендім. Екі қызым, үш жиенім бар. Үлкені жолымды қуып, металлургия мамандығы бойынша Қытайда ағылшын тілінде оқып жатыр.

Бақыт Шалбаев

Бақыт Шалбаев

Қиыншылықтың бәрі бір сәттік ғана

Қиыншылықтың бәрі бір сәттік ғана. Барлығы ұмытылады. «Осы жұмыста нем бар еді» деп, қолды бір-ақ сілтеп кетіп қалғым келген кездер болмады деп айта алмаймын. Бірақ оның бәрі  мені мықтап тәрбиеледі. Білікті маман болуыма  оң әсерін тигізді. Мені көргендер үйренді, дағдыға айналдырды. Сәл сәтсіздікті қиыншылық деп түсінбейтін болды.

Жалқаулықты, ұйқышылдықты, менмендікті бойынан жойып, еңбектенген пенде жетістікке жетеді. Жетістіктің өлшемі жоқ. Адам санасының өсуі, менмендіктің жойылуына, адамгершілік пен кішіпейілділікке ешқандай шек болмауы қажет.

Кәсіпкер адам игеруі қажет…

Уақытты мықты игеріп, адам баласын түсіне білуің, бағалап, адамгершілік танытуың шарт. Ізетіңмен өзіңді бағалата алуың маңызды. Білім – білігіңді көрсетіп, дұрыс бағытқа бастауда көрегенділік  танытуға міндеттісің.  Сонда ғана басшылығыңа бойұсынып, артыңнан ереді, жұмысыңа қолдау көрсетеді.

Ілескен Әлбатырұлы

«Кәсіпкер» журналы

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *