Заңғар Орынбетов

Ғұмыры қысқа, тағлымы мол — Заңғар Орынбетов

Заңғар Орынбетов — болашағынан үлкен үміт күттірген жастардың бірі. Ол — әлемге əйгілі Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен кездесіп, дүниежүзілік iOS құрастырушылардың конференциясына қатысқан тұңғыш қазақ жігіті. Талдықорғандағы инновациялық жобалар байқауына қатысып, 1,5 миллион теңге көлемінде грант ұтып алған. IT саласына өзіндік үлесін қосқан жас ғалым 

Заңғар Орынбетов пен Тим Кук

Заңғар Орынбетов пен Тим Кук

Бала Заңғар 
Заңғар Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Анасы Сара – есепші, әкесі Мұхтар – архитектор. Бізге Заңғар жайлы анасы Сара Ержанова айтып берді:
«Заңғар бала кезінен сыпайы, ашық мінезді болды. Бүкіл тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп, ұқыпты орындайтын. Ол ешкімге өкпе артып, ренжімейтін еді. Ренжіскенін де көрмейтінбіз. ƏӘлдебіреуге ашуланып, дауыс көтергенін ешқашан байқаған емеспін. Заңғардың ерекше мінезі – перфекционистік қасиет. Бастаған ісін соңына дейін жеткізетін. Орта жолда тастап кетпейтін-ді. Ол спортпен айналысқан. Бала кезінде жүзуге бердік, өскен соң сноуборд пен коньки тебуді өзі үйреніп алды. Заңғар табиғатты ұнататын. Тауға шыққанды қатты жақсы көруші еді. Ол мектепте оқып жүрген кезінен, компьютер ойындарына қызығатын. Ол мектепте беске оқымаса да, өз біліміне сенімді болды».

Заңғар Орынбетов отбасымен

Заңғар Орынбетов отбасымен

Заңғар 7-сыныпқа дейін №40 мектепте оқып, 11-сыныпты №24 лицейде тəмамдады. Оның мектептегі кездері жайлы 7-сыныптан бері сынып жетекшісі болған Мария Тухтынова мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Камалиева Зәуре әңгімеледі:
«Заңғар өте мәдениетті бала болды. Өнегелі отбасыдан шыққан. Көп сөйлемейтін. Өте ұқыпты бала еді. Әкесі сияқты шашын бір жаққа қайырып қоятын. Ешкіммен сөзге келісіп, ұрыспайтын. Мұғалімдерімен ерегесіп, сөзге келіп жататын оқушылар болады ғой. Заңғар ондай емес еді. Сабақты 4 пен 5-ке оқыды.

Заңғар Орынбетов сыныптастарымен бірге

Заңғар Орынбетов сыныптастарымен бірге

Ол қосымша өте көп оқитын бала болатын. Мектепте оқып жүргенде компьютерге қызығатын. Алғаш компьютер шығып жатқан кезінде, мұғалімдердің жұмысын сол жасап беретін еді. Мен оған ағылшын тілінен сабақ бердім. Тілден өте мықты болды. Сондай-ақ қолын көтеріп, таласу Заңғарда жоқ. Сабырлы бала еді… Қалың қасты, шашы бір жаққа қайырылған қалпы әлі көз алдымда. Заңғар сондай сабаз, сері жігіт. Өзге балалардан ерек ететін қасиеттері ұқыптылығы мен мəдениеттілігі еді. Ол сыныптастарымен жақсы араласты. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Соңғы рет қайтыс боларынан бір жыл бұрын мектепке келді. Сол кезде де байқадым, сымбатына талғамы сай. Өзін ұстауы, киім киісі, тіпті шаш қою үлгісінен сезіліп тұратын ерекшелігі.  Ол марапатқа жүгірмеді, кез келген сабақты жақсы оқыды. Сосын жұлынбайды. Қашан Заңғардан сұрасаң да бірқалыпты, байыппен жауап қататын. Көп тыңдап, аз сөйлейді. Оның өзін-өзі ұстауы, мәдениеті ерекше. Ол оқушы болса да, өзін үлкен адамдарша ұстайтын. Еш уақытта артық сөйлемейтін. Біртоға, көп ойланатын. Болатын бала еді. Ондай адамдар жер бетіне сыймайды екен… Киім киісі, сөйлеуі басқа балалардан ерекше. Ештеңеге асықпайтын. Сондай сабырлы бала еді. Заңғар суретті өте жақсы салды. Мектептегі «алтын күз» деген сияқты мерекелерде суретті сол салатын. Мен оны болашақта, әкесі сияқты архитектор болатын шығар деп те ойлайтын едім».

Заңғар Орынбетов ҰБТ-дан жоғары балл алып, грантқа түскен. Оның тестке дайындалған кезі туралы сынып жетекшісі Мария апай былай деді:
«Заңғардың 11-сынып кезі еді. СДУ-дың арнайы тестке (ҰБТ-ға) дайындайтын орталығына бірнеше бала барып дайындалды. Үйлері Алматыда болса да, олар сол орталықтың жатаханасында жатты. Мен: «әй, үйлерің Алматыда, неменеге жатаханада жатасыңдар?» деп ұрсып жүретін едім. Таңертең сабаққа келіп, түстен кейін орталыққа барып дайындалатын. Сондай мықты дайындықтың арқасында тесттен де жоғары балл алып, грантқа түсті. Білімге өте құштар балалар еді»

СДУ ғимараты. Фото sdu.edu.kz сайтынан алынды.

СДУ ғимараты. Фото sdu.edu.kz сайтынан алынды.

Заңғар СДУ-ға қалай түсті?
Анасы Сара: «Заңғар үшін мамандық таңдау қиын болған жоқ. Компьютермен жұмыс істеуге ынтасы зор болатын. Сонымен қатар, бойындағы шыдамдылық, төзімділік, ісіне барын салып берілетін қасиеттері оның қай салада қызмет ете алатындығын көрсетті. Мамандық таңдауына қарағанда, университет таңдауы әлдеқайда оңай болды. СДУ IT саласынан мықтылығымен танылатын, үйге де жақын орналасқан. Сондықтан Заңғар екеуміз университетке ақпарат алу мақсатымен барлап келуді ұйғардық. Университет ауласында бір топ студенттердің арасында көзіміз жинақы киінген ер адамға түсті. Ол кісі инженер факультетінің деканы Гумбет бей екен. Декан болғанына қарамастан ол өте қонақжай және демократиялық адам болып шықты. Гумбет бей университет пен IT мамандығы туралы бәрін айтып берді. Университетке барған осы сәттен бастан Заңғар бірден СДУ-ды таңдайтындығын айтып, басқа университеттерге қызығушылық та танытпады»

Заңғар Орынбетов

Заңғар Орынбетов

Заңғар — студент
Досы Дархан Қуанышбай:
«Біз 2010 жылы түсіп, 2014 жылы бітірдік. Сол 4 жыл бойы бірге жүрдік. Бірінші курста оның сабақ үлгерімі төмендеу болды. Екінші курста мобилді қосымшалар деген сабақ болып, сол сабаққа қызығып, оқу үлгерімі жақсарды. Үшінші курста CSI(computer system interface) деген сабақ болды. Мобилді жүйенің интерфейсін жаcадық. Ол әлеуметтік желі болатын. Бұл жобамен жарысқа қатысып, екінші орын алдық. Ол бағдарламаның аты — Intouch. Біз ол жобаны төртінші курста дипломдық жұмыс ретінде қайтадан істедік. Дос ретінде өте ақылды, жасампаз (кретивный) адам еді. Ойлау қабілеті өзгеше (нестандартное мышление) дейміз ғой, сондай. Әсіресе мобилді қосымшалар жасау жағынан сын айта алатын, қабілетті адам болатын. Ұйымдастышылық қабілеті мықты еді»
Заңғар Орынбетов студент кезінде Олжас Алдабергеновпен бірнеше жобалар жасаған. Тіпті әртүрлі марапаттарға да ие болған. Заңғармен бір топта оқыған ол, жасаған жобалары жайлы айтып берді.

Заңғар Орынбетов пен Олжас Алдаберген ов

Заңғар Орынбетов пен Олжас Алдабергенов

Олжас Алдабергенов:
«Ең бірінші жобамыз — «Әліппе» Android телефондарына арналды. Біз оны Android сабағынан final project (емтихан тапсырмасы) ретінде жасадық. Ол мезгілде бағдарлама жасауды енді уйреніп жүрген кезіміз. Оны жасау 1-2 ай уақытқа созылды. Ең алдымен, бізге қалай жасайтынымызды ойластыру керек болды. Сондай-ақ физика заңдарына бағынатын объектілерді қалай жасау керектігін ойладық. Сосын сурет сала бастадық. Дыбысты жаздық. (Қарындасымның дауысын пайдаландық). Сосын екеуміз әріптерді бөліп алып, әрқайсысына сай анимациалар жасадық. Соңында бәрін бірге қосып жобаны аяқтадық. Жобаны Android сабағынан жақсы қорғап шықтық. Оқытушымыз бізге «Best Project Award 2012 қатысыңдар» деді. Ол кезде 2-курс студенттері қатыспайтын. Алайда біз қатысып, бірінші орын алдық. Одан кейін жасаған тағы бір жобамыз – «Абайдың қара сөздері». Бұл аса қиын емес әрі пайдалы жоба еді. Соны жасайық деп шештік. Себебі Абайдың қара сөздері Google Play да болмады. Отырып соны жасадық. Заңғар екеуміздің ойымыз бір жерден шығатын»

Пернетақта және конференция

Заңғар Орынбетов пен Дархан Қуанышбай

Заңғар Орынбетов пен Дархан Қуанышбай

Досы Дархан Қуанышбай:
«Біз магистратураға бірге түстік. Бізге диссертацияның тақырыбын ойластыру керек болды. Сол кезде Заңғар бірден осы тақырыпта «ақылды пернетақта» тақырыбын алды. Магистратураның екінші курсының басында бірден сол жұмысқа кірісті. Бір ерекшелігі, жұмысқа таңғы сағат 8-де келетін. Кешке біз қайтып кетсек те, жұмысын істеп отырушы еді. Жайлап, дос ретінде маған нәтижелерін жіберіп тұратын. «Қалай ойлайсың, мүмкін өз ойыңды айтарсың?» деп айтып отыратын.

Заңғар Орынбетов

Заңғар Орынбетов

Маған конференция жайлы айтты. «Бара аласың ба? Бір жоба жіберу керек екен» деді. Мен «Менде қазір істейтін жоба жоқ» дедім. Ол өзінің пернетақтасын жіберді.

Заңғар Орынбетов жасаған пернетақта

Заңғар Орынбетов жасаған пернетақта

Пернетақта дизайны әдемі ғой. WWDC конференциясы дизайнға қарап бағалаған болу керек. Apple компаниясы оған хат жіберді. Маған сол хатты таңғы сағат 8-де жіберіп, қуанышы қойнына сыймады. Мен оған «Жарайсың!» дедім. Кейін мен «қалай барасың? Өзің жалғыз шетелде болып көрген жоқсың ғой» десем, «Білмеймін. Барамын ба, бармаймын ба — екіталай» деді. Сөйтіп жүргенде, Заңғар Талдықорғандағы жас ғалымдардың арасындағы жарысқа қатысты. Сол жерде де Заңғардың осы жобасы ең үздік жоба болып саналып,  1,5 млн теңге ұтып алды. Маған «міне, ақша табылды. Сан-Франциско қаласына баратын ақша табылды» деп қуанып жазды. Мен де қуандым! Олар сол ақшаның жартысын берген. Ол Америкаға барды.

Заңғар Орынбетов

Заңғар Орынбетов

Конференцияда көптеген бағдарламашылармен танысты. Тим Кукпен суретке түсті. Сөйтіп, бір аптадай сол жерде болады. Көп нәрсе үйреніп, елге оралады. Заңғар сабырлы, бәрін ішіне сақтайтын адам еді. Мен одан «қалай болды?» деп сұрағанымда ол «нормально, әдеттегідей» деп жауап берді».

Заңғар Орынбетовтың 2016 жылы Талдықорған қаласында өткен жас ғалымдар арасындағы жарысқа қатысуынан видео:

Заңғар – оқытушы
Заңғар Орынбетов магистратурада оқумен қатар, оқытушылық қызметті де бірге алып жүрген. Тіпті, эдвайзер де болған. Оның студенттері мұғалімдері жайлы айтып берді.

Студент — Каленова Сауле: 

«Заңғар Орынбетов — менің ең алғашқы эдвайзерім. Оқытушылардың арасындағы ең жақын педагог болды. Ол сондай көңілді, жүзі күлімдеп тұрушы еді. Біз басында оның Apple-ге деген махаббатына таң қалатынбыз, біраз уақыттан кейін үйреніп кеттік. Заңғар ағайдың ерекше қасиеттерінің бірі — егер оны бір нәрсе қызықтырса, ол соның кәсіби деңгейіне жететін.

Заңғар Орынбетов студенттерімен бірге

Заңғар Орынбетов студенттерімен бірге

Студент —  Даяна Мардан:
«Заңғар ағай өте мейірімді, әрі қатал оқытушы. Емтихан кезінде бізге әрдайым неғұрлым көп білім қоржынын бергісі келетін. Ол тек оқытушы ғана емес, кураторымыз да болатын. Бізді құтқарған кездері көп. Қазір мен Заңғар ағай сияқты IOS-ты меңгеріп жатырмын. Бұл бағытты таңдауыма оның тигізген әсері зор, сол үшін қуанамын. Бүгінде мен IOS-тан бірініші курс студенттеріне сабақ беремін. Ендеше бұл жолда Заңғар ағай секілді бар білгенімді студенттерге түсіндіруге тырысудамын».
Студент — Саржан Мағжан:
«Заңғар ағай туралы айтатын болсам, ол кісі маған 3 курста CSI(computer system interface) деген сабақтан берді. Ол кісінің сабақтары өте қызықты өтетін. Айтайын деген ойын толық студенттерге бере алатын. Лабораториялық жұмысын да қызығып, қанша қиын болса да біз жасап келетінбіз. Егер сабақта түрлі себептермен жасамай келсек, ешқашан «сен неге жасамадың?» деп сөкпейтін. Керісінше, қалай жасауға болатынын, қандай технологияларды қолдануға болатынын айтып түсіндіретін. 4-курста жүргенімде ағай екеуміз Талдықорғанда өткен «Very innovative people» Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырған конференцияға бірге қатыстық. Ағайдың жобасы өте жоғары орынға ие болды. Бірақ ол кісі барынша қарапайым, мақтанып ешкімге айтпады. Заңғар ағайды мен сол үшін «тұлға» деп айтар едім…»

Заңғар Орынбетов студенттерімен бірге

Заңғар Орынбетов студенттерімен бірге

Студент — Ерасыл Дүйсенби:
«Мен Заңғар Орынбетовтың студенттерінің бірі ретінде оның қандай таң қаларлық, керемет жан болғандығы, әрі жүрегімізде мәңгіге қалатындығы туралы айтқым келеді. Ол мен үшін ең жақын ұстазым болды, тіпті, ағамдай еді. Біздің бірінші көрісуімізден бастайын. Бірінші кураторымыз Заңғар ағай болды. Басында оны ешкім көрмейтін. Себебі ол өте жұмысбасты, әрі тұйық адам еді. Тіпті кей кездері группамыз кураторды ауыстырғысы келді. Бірақ біраз уақыттан кейін Заңғар ағай бізге сабақ өткізетін болды. Сол кезде біз онымен көрісіп, жақсылап таныстық. Аудиторияға кірген бойда бірінші сөздері: «Сәлем, мен Орынбетов Заңғармын. Мені мұнда бәрі «алма адамы» ретінде біледі» — деді. Ол кездері мен Apple-ға мүлдем қызықпайтынмын, бірақ Заңғар ағайдың көмегімен менің ынтам әлдеқайда артты. Мен ешқашан бір нәрсенің осыншалықты «фанаты» болуы мүмкін деп ойламадым. Ол әрдайым басқаларға Apple-дың тамаша таңдау екендігін түсіндіріп, Стив Джобстың философиясына сенетін. Бұл – біздің заманның данышпанының сенімі, мен де оның сеніміне кәміл сенемін»

Ipone  тәріздес құлыптас.  Фото tengrinews.kz сайтынан алынды.

Ipone тәріздес құлыптас. Фото tengrinews.kz сайтынан алынды.

Заңғар Орынбетов 2016 жылы 11 қыркүйекте Алматы-Қарағанды тас жолында жол апатынан қайтыс болды. Оның мазарының басына айфон тәріздес құлыптас қойылды. Егер өмірі өзгеше өрілсе, «қазақтан шыққан əйгілі IOS құрастырушы» деп өзімен сұхбаттасар ма едік, кім білсін?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>