Цифрландыру – өмірдің өзекті мәселесі

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын іске асыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен өткен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде де осы мәселелер әңгіме арқауына айналды.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға қойған барлық тапсырманы жүзеге асыруға кірістік. Бір жылдың ішінде жоспардағы шаруаларды толық атқардық деген ойдамын. Олардың арасында ақпарат саласы, байланыс, ақпараттандыру мен мемлекеттік қызмет бағыттары бар. Сонымен қатар ақпарат және коммуникация бойынша заң жобасына түзетулер енгізілді. Ең бастысы биыл «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды» дей келе, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бағдарлама аясында жасалған іс-шаралардың мақсаты мен мән-маңызына тоқталды.

Фото “Ана тілі” газетінің сайтынан алынған

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Биыл министрлік ­ауылды аймақтарға арналған талшықты-оптикалық байланыс жүйесінің құрылысын бастайды. Жоба 2020 жылға дейін іске асырылып, 1249 елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ОТАU ТV спутникті байланысы Қазақстан аумағын түгел қамтиды. 2018 жылы аймақтарда хабар таратуды цифрлы эфирлік желіге көшіру жұмыстары басталады. Осылайша басқа спутниктік серіктердің жұмысы тоқтатылады» деп, елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз ету шараларының жүргізіліп жатқанын жеткізді.

 

Цифрландыру жұмыстарын сөз еткенде, «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының атқарып отырған жұмыстарына тоқтала кеткен жөн. Аталған корпорация арқылы көр­сеті­летін қызметтерді іріктеу жөніндегі ве­домство­аралық комиссияның қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жұмыстарын оң бағалауға болады. Өткен жылы 415 мемлекеттік қызмет сарапқа салынып, оның 206-сын оңтайландыру жөнінде шешім шыққан. Жоба бойынша SMS хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлға электронды үкімет порталынан, яғни «Анықтамасыз қызмет» – «Paper free» сервисінен толық ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

 

Сурет Zakon.kz сайтынан алынды.

 

Алқалы жиында сөз алған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов бүгінгі күнге дейінгі атқарылған жұмыстарына тоқталып, есеп берді. Өткен жылы 29 желтоқсанда іске қосылған бала туу бойынша проактивті қызмет туралы баяндап, осы жобаға сәйкес жаңа босан­ған 34 мыңнан астам әйелге мемлекеттік қызметтерді телефон арқылы алу ұсы­нысымен SMS хабарлама жолданғанын, оның 16 мыңнан астамы бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланғанын тілге тиек етті. Жоба аясында үйден шықпай-ақ туу туралы куәлік пен тиісті жәрдемақыларды рәсімдеуге, сәбиді балабақшаға кезекке қоюға болатынын ескертіп, өмірге шыр етіп келген нәрестені SMS көмегімен тұрғылықты жерге тіркеу қызметі де іске қосылғанын жеткізді.

 

Фото mic.gov.kz сайтына тиесілі

Басқарма төрағасы алда тұрған жос­парларымен таныстырып, атқарылар іс-шаралардың бір бөлігін атап өтті.
Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары А.Жұмағалиев Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайту үшін жұмыс атқарылып жатқандығын атап өтіп, автокөліктерді рәсімдеуге қатысты құжаттарды да интернет арқылы реттеуге болатындығына мән берді.

 

 

Мақала “Ана тілі” газетінде жарияланған. Авторы: Бағдагүл МҰРАТҚЫЗЫ.

Мультимедиаландырған: Махаббат ҚҰДАШЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *