Фейсбукты ойлап тапқан кәсіпкер

Марк Цукерберг – (Марк Эллиот Цукерберг) АҚШ бағдарламаушысы, Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы, және соның басқару кеңесінің төрағасы, филантроп. 2011 жыл оның жеке қаражаты $17.5 миллиардқа жетті. Гарвард университетінің студенті Марк Цукерберг Facebook негізін 2004 жылы қалаған болатын. «Time» журналы атақты желінің негізін қалаушы сол кездегі 26 жастағы Марк Цукербергті «Жыл адамы – 2010» атағымен марапаттады.

 

Кішкентай Марк

Марк қандай бала болды?

Біз оқырмандарымызға әйгілі Facebook-тің негізін қалаушы, кәсіпкер Марк Цукерберг туралы әңгімелеп бермекпіз. Марк Эллиот Цукерберг 1984 жылдың 14 мамырында Нью-Йоркта дүниеге келген. Әкесі Эдвард Цукерберг – тіс дәрігері, оның тіс емдейтін клиникасы болған. Ал анасы Карен Цукерберг – психиатр. Ол – отбасындағы екінші бала және 4 баланың ішіндегі жалғыз ұл.Ата-анасы балалаларына жастайынан діни тәрбие берген. Десек те, қазір Марк өзін атеистпін деп жариялады. Марктың компьютерлік бағдарламаға деген қызығушылығы 6-сыныпта әкесінің компьютер сыйлауынан басталған.

Сол кезден-ақ, бала Марк компьютерге деген қызығушылығын танытқан. Сыныптастарының айтуы бойынша, кішкентай Марк бастапқыда әртүрлі компьютерлік ойындар жасаумен айналысыпты. Қызығушылықпен қатар, электронды машинаға деген икемінің ерекше екені таныла бастады. Ата-анасы Маркты кәсіпкерлікке баулыды. Бұл ретте Эдвард Цукербергтердің ұлына үлгі бола білгенін де атап өткен жөн.

Марк отбасымен

Мектепте Марк математика, жаратылыстану,шет тілдер пәнін сүйіп оқиды.Ұстаздары оның ерекше зеректігін байқап, «ақылды бала» деп бағаласа, сыныптастары Маркты «оқымысты» деп атаған. Марк мектеп бітіргенге дейін француз, иврит, латын, ежелгі грек тілдерінде еркін сөйлеп үйренді. Сонымен қатар, әдебиетте де біршама жетістіктерге жетіп, мектеп кезінде талай классиктердің шығармаларын жатқа білген. Сыныптастары «Марк «Иллиада» дастанының түпнұсқасын кез-келген уақытта сұраған кезде жатқа айтып беруші еді» деп күліп еске алады.

Марктың  компьютерлік салаға деген қызығушылығы ерекше болды. Жас Марк 12 жасында Atari BASIC платформасында «Zucknet» деп ат қойып, хат алмасуға арналған бағдарлама жасап шығарды. Кейін бұл құралды бүкіл отбасы өзара сөйлесу үшін қолдана бастады. Әкесі Эдвард «Zucknet»-ті клиникасында жаңа емделушінің келгендігін біліп отыру үшін пайдаланды. Ұлдарының компьютерлік бағдарламалар мен ойындар жасап жүргенін көрген ата-анасы баласының білімін арттыру үшін қаладағы ең білікті программашы Дэвид Ньюманды жалдап оқытты. Осылайша мұғалім аптасына бір рет келіп, Маркпен жұмыс істеп жүрді. Оқытушы Дэвид кейінірек журналистерге берген сұхбатында: “Сол кезде Марктің соңынан ілесіп отыру менің өзіме де оңайға түспейтін. Басқа да курстарға барып жүрген оқушының алғырлығы мен зеректігі бірден көзге түсіп еді. Мен оның болашақта өте танымал азамат болатынына сендім”, – деп ағынан жарылыпты.

Бұл жетістігімен тоқтап қалмай, 2000-жылдардың басында оқушы Марк желі қолданушылардың музыкалық қалауын анықтайтын бағдарлама ойлап тапты. Бұл аудио файлдарды ашуға арналған Pandora атты бағдарлама болатын. AOL пен Microsoft секілді ірі компаниялар бұл өнімді сатып алуға құлық танытса да, Марктың келісімін ала алмай, әрі-сәрі болыпты. Бірнеше компания Цукербергтің бағдарламасына қызығушылық танытып, тіпті әлі мектеп бітірмеген балаға жұмысқа орналасуға ұсыныс жасады. Бақытына орай, Марк бұл ұсыныстан бас тартты. Өйткені, оны болашақта Гарвард университетінің студенті атану күтіп тұрған еді.

Жетістіктен-жетістікке,табыстан-табысқа

Осылайша 2002 жылы мектепті үздік аяқтаған Марк Цукерберг Гарвард университетіне психология мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол екінші курста кампус желісінің кемшілігін ашып, желі бағдарламасын жасап шыққан программашылардың қателіктерін көрсетіп берді. Дәл осы жылы Марк өзінің білімділігін дәлелдеп “CourseMatch” деген атпен оқу пәндерін таңдауға арналған ерекше құрал жасап шықты. Өзі “Facemash” деп атаған бағдарлама туралы Марктың өмірін бейнелейтін “Әлеуметтік желі” фильмінен көрген де боларсыздар. Бұл бағдарлама бүкіл университетті шулатқан еді.

Университетте  оқып жүргенде Маркті Дивья Нарендра және ағайынды Камерон мен Тайлер атты курстастары жаңа жобаны бірігіп іске асыруға шақырады. Олар Гарвард университетінің базасын пайдалана отырып, танысу сайтын жасап шығуды жоспарлайды. Бастапқыда жобаны бірнеше адам бастағанымен, соңында Марк бұл істі өз қолына алған. Осылайша Марк Цукерберг ең алғашқы әлеуметтік желіні жасап,  жаңа бағдарламасын Facebook деп атады. Марктің өзіне деген сенімділігі сонша, 2004 жылы екінші курстың соңында университеттегі оқуын тастап, бар уақытын толығымен facebook-кті дайындап, дамытуға жұмсайды.

Әлеуметтік желі шығармақ болған достар

Жобаның сәтті болғаны соншалық, 2004 жылдың аяғында сайттағы қолданушылар саны 1 миллионға жетті. Сайт авторлары қолданушылар санын бұдан да арттыру мақсатында штаттағы түрлі университеттермен жұмыс істеді. Қомақты инвестиция іздеді.  Алғашқы кезде сайтты сатып алуға құлық танытқан компаниялар өте көп болды. Yahoo-дан бастап, MTV Networks-қа дейін қызығушылық танытып, жобаны сатып алуға барын салды. Бірақ Марк бұл ұсыныстардың барлығынан бас тартып, сайтты жан-жақты дамытуды жалғастыра берді.  2005 жылы facebook-ке Accel компаниясы 2,7 млн. доллар инвестиция құйды. Осылайша 2005 жылдың аяғында сайттағы қолданушылар саны 5,5 миллионға жетті.

 

Бизнес осылайша жақсы дамып жатқан тұста, Марк қиын кедергіге ұшырады. 2006 жылы әңгімеміздің басында сөз болған Марктің курстастары оған «біздің идеямызды ұрладың» деген айып тағып, өтемақы талап етті. Цукерберг кінәні өз мойнына алған жоқ. Ол сол кездегі ойластырылған жоба мен фэйсбуктің концепциясы екі бөлек нәрсе екендігін айтып, ақталмақ болды. Дегенмен, кейінірек Марк 65 млн. доллар өтемақы төлеп, бұл айыптан құтылды. Марк Цукерберг қол жеткізген осы жетістігімен тоқтап қалайын деп отырған жоқ. Бірінші кезекте ол қауіпсіздік мәселелерімен айналысуды қолға алуда. Яғни, бұл– аккаунттарды бұзудан қорғау шаралары. Өйткені, пайдаланушылар жөніндегі ақпараттар жекелеген жағдайларда дүние табу, тіпті қылмыстық мақсаттар үшін қолданылуы да мүмкін.

Әлемдегі ең ірі әлеуметтік желіні құрушы өз жобасын алдымен тікелей эфир арқылы шығармақ болған екен. Бірақ, оның реті келмепті. Қазіргі күні ол өзінің бағдарламасын одан әрмен дамытуға күш салуда.

Бір айлық фейсбук оқырмандарының көрсеткіші

Марк жайлы басқа да ақпараттар

Марктың жеке өміріне келер болсақ,  сүйікті Присцилла Чан атты жары бар. Марк өзінің өмірлік жарын қайда кезіктірді деп ойлайсыз? Сенуге қиын, алайда бүгінгі миллиардер әйелімен дәретханаға кезекке тұрған кезде танысыпты…Бүгінде жас отбасының кішкентай қызы бар.

Мақала авторы Самал ӘДІГЕНҚЫЗЫ (“Жұлдыздар отбасы” журналының 2018 жыл, наурыз айына арналған саны)

Мультимедияландырған Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *