“Ұлттық арнаның даму моделі»(фото, видео)

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының 60 жылдық мерейтойына орай  «Qazaqstan» еліміздің телеэпопеясы: ұлттық арнаның даму моделі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шара аясында журналистика факуль­те­тінде заманауи техникамен жабдықталған «Qazaqstan» оқу-шығармашылық зертханасы салтанатты түрде ашылды.

Фото “Ана тілі” газетінің сайтынан алынды. «Qazaqstan» оқу-шығармашылық зертханасының салтанатты түрде ашылуы.

Сонымен қатар ашылу салтанатында «Қазақстан» рес­публикалық телерадиокорпорация­сы» АҚ Басқарма төрағасының ­бі­рінші орынбасары Ләззат Жүнісова журналистика факультетінің сту­дент­теріне арналған байқау жеңім­­паздарына арнайы шәкіртақы табыстады. Шәкіртақы­мен Әсет Ажиева «Әл-Фараби» фильмі, Алтынай Мұсаева «Made in KAZNU» бағ­дарламасында жүргізушілік қызметі, Аружан Қаратаева «Туған елге туыңды тік» авторлық телебағдарламасы, Назым Сәмет «Тылсым табиғат мекені» деректі фильмі, Абылайхан Өмірбаев «Қысқы универсиада» атты спорт бағдарламасы үшін марапатталды.

Студенттерді марапаттау сәтінен. Фото kazgazeta.kz сайтына тиесілі.

Ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияға ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, «Қазақстан» РТРК АҚ Бас­қарма төра­ға­сының бірінші орынбасары Л.Жүнісова, ҚР БҰҰ ақпарат бюро басшысы В.Самек, ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы С.Карпов және т.б. қатысып, ой-пікірлерін білдірді.

Конференцияда сөз алған Ғ.Мұтанов ұлттық арна қызметкерлерін мерейтоймен құт­тықтап, телеарна мен білім орда­сының арасында тығыз байланыс орнап отырғанына тоқталды.
«Іргесі 1958 жылы қаланған «Qazaqstan» телеарнасы мемле­кетіміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Тәуелсіз Қазақстандағы демократиялық жаңғыруларды, экноми­кадағы, әлеуметтік-мәдени салалардағы жаңалықтарды ­кө­рерменнің көкейіне жеткізу арқылы «Qazaqstan» телеарнасы бү­гінде әрбір қазақстандықтың айнымас досына айналды. Еліміз­дегі ұлтаралық татулық, ақпарат­тық қауіпсіздік, мәдени рухани келісімнің салтанат құруында ұлт­тық телеарнаның еңбегі зор» деді университет басшысы.

Ғ.Мұтанов ұлттық арна қызметкерлерін мерейтоймен құт­тықтады. Фото kaztrk.kz алынды.

Шара барысында «Тележурна­лис­ти­­ка­ның негіздері» атты шеберлік сыныптары өтті. Онда ардагер журналистер Қ.Игісінов, Ф.Бегенбаева, Г.Барманбекова, М.Омаров, Т.Смағұлұлы және телеарнаның бүгінгі қызметкерлері Г.Салықбай, Ж.Асылбекова, Б.Смайыл, Б.Құранбек, Е.Атамбай және басқалары «60 жыл 60 есім: телелента тарихы», «Телевизия – әлеуметтік мүдделер алаңы: журналистік зертхана», «Иллюзиядан – шындыққа: тележурналистік сараптаулар», «Телевизиялық эстетика туралы практикум», «Деректі-танымдық бағдарламалар: ерекшеліктері мен ақпарат көздері» деген тақырыптарда дәріс оқыды. Ұлттық арнаның дамуына үлес қосқан мамандар марапатталып, еңбектері еленді.

Мақала авторы: “Ана тілі” газетінің редакторы Б. Балаубаева

Мультимедиаландырған: Н. Алясова

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *