(Аудио, видео)Пирамида немесе жеңіл де ауыр ақша табу көзі

“Қаржылық пирамидаға ақша салудың тартымды талаптарының бірі – қысқа уақыт аралығында жоғары кіріс алу мүмкіндігі”.

Жұмыс уақыты болатын, біреу қоңырау шалды. Дауысы таныс. Бірақ кім екенін есіме түсіре алмай тұрмын.

Қалың қалай, айналайын ? – дейді

– Жақсы, ағай. Өзіңіз қалайсыз? –деппін жыға тани алмай тұрсам да.

Жақсымын Салта! (Еркелеткен түрі. Соған қарағанда туысқанымның біреуі шығар?)

– Ағай, кешіріңізші! Ұялы телефонымды ауыстырған едім. Атыңыз шықпай тұр… Бірақ дауысыңыз таныс… – деп күмілжідім.

Мен ғой, Ержан ағайың… Есіңде болса, осыдан 2 жыл бұрын, сенің 2 курс оқып жүрген кезіңде жұмысқа шақырған едім… (Сол кезде мені Ержан ағаймен құрбым таныстырған еді. Оқудан тыс уақытта қосымша ақша тапқымыз келген. Содан құрбым, екеумізге де жан қиналмай, көп ақша табатын кәсіп тапқанын сүйіншіледі. Ержан ағаймен ғаламтор арқылы сөйлесіп, құрбым Інжуді жұмысқа шақырыпты. Ержан ағайдың бізді қарық қыламын деген жұмысы – желілік маркетинг деп аталатын, қиялмен байитын, бірақ қалтасында көк тиыны жоқтардың айналысатын шаруасы болып шықты. Біз басында білмегендіктен, бизнес ханым атанамыз деп, әуелі 8 мың теңге бердік. Иіс суды қолымызға ұстатты, міндетіміз екі – екі адамнан біздің жұмысқа шақыру. Ол адамдардан алған 8 мың теңгенің жартысы менің шотыма түседі. Сөйтіп ақшамды 2 еселеп қайтарып аламын. Жұмыс тәртібі тұрақты және белгіленген тренингтерге қатысып тұру керек. Уақыт өте келе сенімсіздік сезімі туа бастады. Нақ алдамшы бизнес екенін түсінген сәтте, тастадым. Аз ақша салған соң ба, үлкен өкініште болмады. Бірақ уақытым кетті. )

– Иә, иә, есіме түстіңіз… Әлі сол жұмыстасыз ба? – дедім ескі танысыма. Ол бұрынғы жұмысынан шығып кеткенін айтты. Себебін сұрамадым. Өйткені ғұмыры ұзаққа бармайтын жанбағыс екенін жақсы түсінгем. Сөз арасында одан да ірі, қаржы қуаты қомақты компанияға ауысып кеттім демесі бар ма! Қызығушылық танытқандай кейіп білдірдім. Жаңа жұмыс іздеп жүргенімді айттым. Ол ойланбастан Саған біздің компанияда орын бар деп жақын тартты. Тіпті тәжірибе мен диплом да қажет емес. Ертең кел деп мекен жайын айтты.

Желілік маркетинг жұмысынан алданып қалған кейіпкер – Ғазиза Қайынбаева

Қаржы пирамидасына қызығып, бірақ оның өтірік екендігін түсінген кейіпкер – Арыстан Омарбаев

 

Болашақ “миллионерлер

Екі күн өткен, қоңырау шалдым. Кездесу уақытын белгіледік. Қаланың қақ ортасында орналасқан әйдік бизнес орталығы. Әрине, мұндай жерде жұмыс жасау әркімнің арманы ғой. Сабылысқан жұрт. Ғимарат ішіне кіріп, Ержан ағайдың кабинетіне бардым, жабық тұр. Бірақ жанында тұрған кабинеттің есігі айқара ашылып тұр екен. Көзім түсіп кетті. Бір қауым жұрт жиналып алыпты. Менің көзім қара тақтадағы миллиондарға түсті. Орта жастан асқан әйел әлгі миллиондарға миллионды қосып, күрделі есеп шығарып жатыр.

“Оқушылары” тәртіпті көрінді, шуламай, тып- тыныш тыңдап отыр. Миллион кімге ұнамасын?! Ақшаның сылдыры естілген соң, мен де есікке қарай ентелей бердім. Бұл мекемеге кіру үшін, қомақты қаржы салуым керек екен. 200 доллардан бастап, 10 мың долларға дейін. Табыс көз – құйған қаржыңа байланысты.

Бизнес жоспарын мұқият түсіндіріп болған соң, әңгіменің тоқетерін айтты. «Қазір кез келген жұмысқа ақшамен кіресің. Қай кәсіпті бастасаң, оған да бірінші қаржы құясың. Сол сияқты мұнда да ақшаның мөлшері бар. Көрсетіп отырған бағаның ішінен қайсысына шамаң келеді?» – деді. Ең кемі – 60 мың теңге. Бәрін толық түсінгендей кейіп таныттым. Кейіннен Ержан ағайым жаңа жұмысының қыр- сырын ғана емес, жеңіл шаруа екенін айтып, көпіртіп мақтап жатыр. «Жұмыс  түкке де қиын емес, өзің би, өзің қожасың. Қалаған уақытыңда келіп, қалаған кезіңде кетесің» дейді. Ол үшін бәрі оп-оңай сияқты. «Үш-төрт айдың ішінде 500 мың теңгеден көп табыс таптым. Қарызымды жаптым. Енді Талғар жақтағы пәтерімді сатып, осында тағы ақша құямын. Сонан соң 1 жылда жеке кәсіп ашуыма қомақты қаражат жинауға кірісемін» – деп қояды. Маған үш айдың ішінде бәрін толық үйрететінін айтып, уәде беріп шығарып салды.

қаржы пирамидасының құрылымы

Әттең…

Сосын Абылай есімді  досымның  кезінде сондай бір «пирамидаға» ақша салып әлі күнге дейін ала алмағанын айтып қалды. «Пирамида» деп отырғаным да осы желілік маркетинг. «Туыстарым ақша салып жатқан соң, сенімді жұмыс шығар деп ойладым» – деп әңгімесін бастады. «Барлығымыз бірден байып кетуді көздедік. Сөйтсек, болмайтын шаруа екен. Оған 700 мың теңге салу үшін банктен қарыз алдым. Сол қарызымды күні бүгінге дейін ай сайын 60 мың теңгеден төлеп отырмын. Компания болса, әлдеқашан жабылып қалған. Ешкімді кінәлай алмаймын. Ағам мен әпкемнің өздері де оңбай алданды. Бір қуанатыным – адам шақырмадым. Егер олар алданғанда, мен жауап беретін едім»,– деп әңгімесін түйді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Көптеген адамдар пайданың соңына түскен кезде алаяқтарға сеніп, мол олжаға кенелудің орнына ақшасынан айырылып жатады. Қазіргі кезде трендке айналған, бір қарағанда сенімсіздік тудыратын, алдап кетеді деседе сенбей, пайда табу жолында уақытын да ақшасын да құрбан ететін жандар күн арта көбеюде. Осы бір бармақ тістер салаға тәуекел ететіндер:  жұмыссыздықтан қиналғандар болса, енді бірі өсім көруді қалайтындар. Сонымен қатар  диплом болмағандықтан жұмысқа орналаса алмайтын, бірақ күнделікті өмірге ақшаны қажет ететін студенттер, оқу графигіне ыңғайлы, жеңіл әрі оңай жұмыс жасауды армандайды. Ал қаржы пирамидасының адамдарын іздеп жүрудіңде қажеті жоқ. Олар өздері сізді іздеп табады. Жоғарыдағы Салтанат есімді кейіпкердің оқиғасы бұған дәлел.

Қаржы министрлігі  Мемлекеттік кірістер комитетінің  берген мәліметі бойынша,  2016 жылы қаржы пирамидасын құру және оны басқару бойынша 350 қылмыстық іс қозғалған болса, биылғы төрт айда-ақ мұндай істер саны 351-ге жетіп отыр.

Мақала соңында Маргарет Тэтчердің ” тегін ірімшік тек қақпанда болады ”  деген сөзін ұмытпағайсыздар!

 

Мақала “Жас Қазақ”  газетінде жарияланған.  Авторы: Салтанат Шырынхан.

Мультимедиаландырған: Назира Шырбан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *